Жан-жануар

Маңғыстау облысында қаңғыбас ит-мысыққа арналған үй салынады

Есен ҮРКІМБАЙ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Маңғыстау облысында иесіз ит-мысыққа арнап панажай салынатын болды. Бұрындары бірден көзі жойылатын қараусыз хайуандар енді ерекше күтімге алынбақ.

Маңғыстау облысында қаңғыбас ит-мысықтың көзін жоюға тыйым салынғалы бері олардың саны көбейіп кетті, деп хабарлайды Экспресс К.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Мархабаев өңірде иесіз үй жануарларының көзін жою наурыз айының басынан бері тоқтағанын айтты. Қазір оларды арнайы ұстайтын панажай салу жұмыстары қолға алынған.

"Наурыз айынан бері Маңғыстау облысы бойынша иесіз ит-мысықтарды ұстайтын арнайы орындар белгіленіп жатыр. Алғашқылардың бірі болып Жаңаөзен қаласы осы жұмысты қолға алды. Облыс бойынша иесіз ит-мысықтың нақты саны белгісіз болғанымен, олардың көп екеніне қатысты шағым жиі түседі. 2021 жылы Маңғыстау облысында 12 мыңнан астам ит, 1500 мысық мысық ауланып, көзі жойылды. 2022 жылдың наурыз айына дейін 2080 ит пен мысық ауланды", — дейді Бердібек Мархабаев.

2 наурыздан бастап елімізде жануарларға жауапкершілікпен қарауға қатысты заң күшіне енді. Содан бері елді мекендерде ит пен мысықты ату тоқтаған.

"Енді ауланған жануарларды арнайы панажайда ұстау керек. Бұл тұрғыда облыс әкімінің орынбасары атынан аудандарға хат жолданды. Қазір сол бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Әзірге бұл туралы толық ақпарат жоқ. 2 наурыздан бері аулау жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты олардың саны күрт көбейді", — дейді Бердібек Мархабаев.

Иесіз ит пен мысыққа арнап салынатын панажайға қаржыны жергілікті әкімдік бөлмек. Талап бойынша әрбір жануар жеке торда қамауда ұсталып, оларда арнайы күтуші маман қажет.

"Тиісті қаржыны жергілікті әкімдік бөледі. Біздің міндетіміз — иесіз ит-мысықты аулап, орталыққа тапсырып отыру. Қала шетінен жерді бөліп, панажай салдыру әкімдіктердің құзырына берілген. Ақтауда еріктілер панажай үшін салынып жатқан құрылысты таңдаған болатын. Бірақ ол талапқа сәйкес келмеді. Онда арнайы тор жоқ. "Аулаға бәрін бірге ұстаймыз" дегендеріне біз қарсы болдық", — дейді аталған басқарма басшысы.

Маңғыстау облысы аумағында иесіз иттерге қатысты тұрғындардан шағым жиі түседі. Әсіресе, Ақтауда топ болып жүретін қаңғыбас иттерді бұған дейін қанша аулағанына қарамастан олардың саны айтарлықтай азайған емес. Енді қала сыртынан панажай үшін жер бөлінген соң құрылыс басталуы тиіс. Бірақ оның қашан басталатыны әзірге белгісіз.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров