Бердібек Сапарбаев

Жамбыл облысын 2 жыл 2 ай басқарған Сапарбаев бұл өңірде несімен есте қалды?

Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Бердібек Сапарбаев/Әкімдіктің баспасөз қызметі

Бердібек Сапарбаев 2020 жылдың ақпанында Қордай ауданында болған жергілікті тұрғындар арасындағы қақтығыстардан кейін Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалған еді. Ол басқарған тұста өңірде көптеген оқиғалар болды.

Елтаңбаның құлауы, Байзақтағы жарылыстар, "Қаңтар оқиғасы" кезіндегі облыс әкімдігі ғимаратының өртенуі — Бердібек Сапарбаевтың басшылық кезеңі осындай жағдайлармен есте қалады, деп жазады Экспресс К.

Ел ішінде "кризис-менеджер" атанған Бердібек Сапарбаевқа жамбылдықтар дотациялық өңірдің экономикасын өрге сүйреп, халықтың тұрмысын тіктеуге күш салады деп сенді. Расында да, екі жыл ішінде Бердібек Мәшбекұлының басшылығымен аймақта біраз жұмыс атқарылды. Бірақ біз бұл жерде Сапарбаевтың бастамасымен істелген істерді емес, оның есімімен тікелей байланысты болған шулы оқиғаларға тоқталуды жөн көрдік.

Елтаңбаның құлауы

Бердібек Сапарбаев облысқа әкім болып тағайындалғанына 1 жыл өткенде әулиеаталықтар алдында есеп берді. Екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесу тікелей эфирде таратылған еді.

Тұрғындардың бірі сұрақ қойып жатқан тұста әкім мінберіндегі елтаңба құлап қалды. Аймақ басшысы ашуланып, көмекшілерінен елтаңбаны көтеруді тапсырды. Бірақ микрофонды өшіруді ұмытып кеткен еді. Сапарбаевтың сол кездегі "Алсайшы ананы!" деп бұйыра сөйлегені қоғамда қатты талқыға түскен болатын.

Байзақтағы жарылыс

Байзақтағы жарылыс/Видеодан кадрБайзақтағы жарылыс/Видеодан кадр
Байзақтағы жарылыс/Видеодан кадр

Былтыр тамыз айының аяғында Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі сақтайтын қоймасында жарылыс болып, соның салдарынан 16 адам қаза тапты. 1 жауынгер әлі күнге дейін табылған жоқ. Жарылыстан әскери бөлім маңындағы үйлердің көбі зардап шеккен еді. Баспанасы бұзылған тұрғындар сол кезде жөндеу жұмыстарына көңілдері толмаған болатын. Сондай-ақ қоғам белсенділері жарылыс зардабын жоюға құрылған арнайы қордың жұмысын да сынға алды.

Сапарбаев ашқан ескерткіштер

Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Жамбыл облысында бірнеше ескерткіш-монументтер салынды. "Анаға тағзым", "Қазақ халқына мың алғыс", "Айша бибі", дәрігерлерге арналған ескерткіш — екі жылда салынған монументтердің бұл бірсыпырасы ғана. Көбінің құрылысы елімізде Covid-19дың өршуімен тұспа-тұс келген еді. Жамбыл облысының кей тұрғындары сол кезде ақшаны тас мүсіндерге жұмсай бермей, коронавирусқа қарсы күреске пайдаланған жөн деген наразылықтарын білдірген болатын.

"Персиктің" өлімі

Видеодан кадрВидеодан кадр
Видеодан кадр

Жанна Папина есімді тараздық блогердің итінің өлімі биыл әлеуметтік желіні жарды. Ветеринарлар ұстаймыз деп жүріп өлтіріп алған салпанқұлақтың денесін иесі облыстық әкімдік алдында апарып, аймақ басшысының шығуын талап еткен. Әкім блогермен жолығып, басу айтып, қол астындағы қызметкерлеріне қатты ұрысқан еді. Бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен тарап, халықтың ызасын туғызды. Әкімнің қабылдауына кіре алмай жүрген тұрғындар "Ит құрлы жоқпыз ба" деп ашуға басқан еді.

Әкімдік қызметтен кеткен Бердібек Сапарбаевтың еңбек жолы әрмен қарай қалай жалғасатынғы әзірге белгісіз. Биыл ол 69 жаста. Осыған дейін ол 5 облыстың әкімі, бірнеше саланың вице-министрі, министр, үкімет басшысының орынбасары қызметтерін атқарған болатын.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров