Ауғанстан

Тәжік-ауған соғысының ардагері: "Ай сайын 13-14 мың теңге жәрдемақы аламыз"

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Ербол Қойшыбаев/Жеке мұрағат / Әлеуметтік желіден

1995 жылдың 7 сәуірі - Қазақстанның ішкі әскері (қазіргі Ұлттық ұлан) үшін орны толмас қайғы әкелген күн. ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуге аттанған жауынгерлеріміз тәжік-ауған қақтығысында ерлікпен қаза тапты. Бір күнде 17 жауынгеріміз жер жастанды. Бүгін - осы қанды қырғында ерлікпен мерт болған сарбаздарды еске алу күні.

Қанды шайқастың арасында қалып қойған сарбаздарымызды бағалап жүрміз бе? Мемлекет тарапынан оларға тиісті деңгейде көмек көрсетіліп отыр ма? Қақтығыс қатысушылары нені армандайды? Экспресс К тілшісі осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Памир тауындағы Пшихавр шатқалында болған қақтығыста ауыр жарақат алып, аман қалған сарбаз Ербол Қойшыбаевпен сұхбаттасты.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

Экспресс К: Тәжік-ауған шекарасына қалай аттандыңыздар?

Ербол Қойшыбаев: Мен өзім оңтүстіктің тумасымын. Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтеп жүргенмін. Өздеріңіз білесіздер, Тәжікстанда азамат соғысы басталып, елдің Ауғанстанмен шекараласатын аймағы қауіпті болғандықтан қорғанысты нығайту үшін ТМД елдерінің Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей әскерлерінен жасақталған бітімгер жауынгерлері аттандырылды.

Біз бір жарым ай арнайы дайындықтан өттік. Сарбаз өте көп болды. Бірақ соның 90-нан астамы ғана сынақтан сүрінбей, тәжік жеріне баратын болды.

1995 жылдың 3 наурызында 100-ге жуық жауынгер (оның 10-ы офицер — ред) жолға шықтық. Душанбеге жеткен соң тәжік-ауған шекарасы аймағында Подкунов деген саяжай бар, сонда тоқтадық. Ол кезде жасым 19-да еді.

Ербол Қойшыбаев/Жеке мұрағатЕрбол Қойшыбаев/Жеке мұрағат
Ербол Қойшыбаев/Жеке мұрағат

Экспресс К: Қақтығыс қалай басталды?

Ербол Қойшыбаев: Бір ай Подкуновта болдық. Кейін Пшихавр шатқалына жолға шықтық. Күндізгі уақыт болатын. Бір кезде қарулы топ бізге шабуыл жасап, тоқтаусыз оқ жаудырды. Офицеріміздің бұйрығымен біз де қарсы оқ аттық.

Осылайша шайқас басталып кетті. Бәрі қас-қағым сәт. Біз көліктің дөңгелегіне жасырынып, қарсы оқ аттық. Осы кезде граната атқыш оғы тура жанымызға келіп түскен. Оның жаңғырығы деген өте қатты. Екі құлағым бітеліп кетті. Сенесіз бе, осы сәтте дым естімей қалдым. Жауынгерлердің қарсы жаққа оқ жаудырып жатқанын біліп тұрмын. Бірақ еш нәрсе естілмейді. Олар маған әлденені ымдап түсіндіріп жатқандай болды. Осы сәтте Нұрлан есімді семейлік жігіт мені оққа ұшып қалмасын деп кеудесімен үстімді жапқан. Бір қарасам, екі құлағымнан қан кетіп жатыр.

Шайқас шамамен бес сағатқа созылды. Кейінгі екі күнде де ара-тұра оқ атылды. Шынымды айтсам, 7 сәуір тура күні кеше болғандай көз алдымда. Қанды қырғынды ұмыту мүмкін емес. Бір күнде 17 жауынгерімізден айырылып қалдық. 33-і түрлі дене жарақаттарын алған.

Қаза тапқандардың бөлшектеліп қалған денелерін жинап, туған жерге жеткізу біздің міндетіміз еді. Өртеніп, денесі сап-сары болып кеткен сарбаздарды да көрдік.

Бір нанды бөлісіп жеп жүрген жауынгерлерден айырылып қалу бәрімізге ауыр тиді. Өзім осы шайқастан соң контузия алғанмын. 8 күн госпитальде жаттым. Бір құлағым мүлдем естімейді.

Экспресс К: Соғысқа аттану өз аяғыңмен өлімге барумен тең деуге болады. Тәжік еліне аттанбас бұрын командирлеріңіз сіздерге қайда, не үшін баратындарыңызды түсіндірді ме? Өз еріктеріңізбен бардыңыздар ма?

Ербол Қойшыбаев: Әрине, өз еркімізбен аттандық. Ешқандай мәжбүрлеу болған жоқ. Бәрін түсіндірді. Тәжік еліне барамын деген шешімді қабылдаған соң офицерлеріміз үйдегілерге ескерту керектігін айтты. Мен ата-анамды, бауырларымды уайымға салғым келген жоқ. Оларға ескертпедім.

Әскерде жүргенімде үлкен ағам бөлімге жиі келіп, жағдайымды біліп тұратын. Бұл жолы да солай жасаған ғой. Бірақ мен онда жоқпын. Ол кісі де ата-анамыз сары уайымға салынбасын деп менің кеткенімді айтпаған.

Ербол Қойшыбаев/Жеке мұрағатЕрбол Қойшыбаев/Жеке мұрағат
Ербол Қойшыбаев/Жеке мұрағат

Дәл сол 7 сәуірде анам менің теріс қарап жатқанымды түсінде көріпті. Ана жүрегі деген сезеді екен ғой. Әскери бөлімге мені іздеп келген. Командирлер менің бірбеткейлік танытып, соғысқа аттанғанымды айтыпты.

Меніңше, кез келген азамат Отан адындағы борышын өтеуі тиіс. Біз ол кезде Тәжікстанға өз елімізге қауіп төнбесін деп аттандық.

Экспресс К: Елге қашан оралдыңыздар?

Ербол Қойшыбаев: Ол жақта тура үш ай болдық. Маусымның 3-інде Шымкентке қайттық. Сол кезде әрбірімізге мемлекет есебінен 7-8 мың теңгеден сыйақы берілді. Оған киім-кешек, өзге де керек-жарақтар алдық. Бұл теңгенің қазіргі құнымен шыққанда шамамен 70-80 мың ғой. Кейін әскерден оралдым. Ары қарай қу тіршіліктің қамына кірісіп кеттім.

Ербол Қойшыбаев/Жеке мұрағатЕрбол Қойшыбаев/Жеке мұрағат
Ербол Қойшыбаев/Жеке мұрағат

Экспресс К: Шайқаста құлағым жарақаттанды дедіңіз. Елге келген соң емдетпедіңіз бе?

Ербол Қойшыбаев: Бір құлағым сол күйі естімей қалды. Елге келген соң оны емдету деген ойда болмады. Өйткені пердесі жарылып кеткен.

Экспресс К: Қазір сол соғыста бірге болған жауынгерлермен араласып, бас қосып тұрасыздар ма?

Ербол Қойшыбаев: Мен сол жағдайдан кейін денсаулығым сыр беріп, жүрегім ауырып, мүгедектікке шыққанмын. Шамамен 18 жылдан соң әскери борышты бірге өтеген жігіттермен хабарласа бастадым. Қазір телефон деген жақсы ғой, бір-біріңді оңай табасың (күліп).

WhatsApp-та өзіміздің тобымыз бар. 70-80 шақты адамбыз. Бәріміз де тәжік-ауған шекарасында бірге болғанбыз. Ал басқосу жағына келсем, жыл сайын осы 7 сәуір күні Шымкенттегі жігіттермен Отан алдындағы борышымызды өтеген әскери бөлімге барып, еске алу күніне арналған шарада кездесіп тұрамыз.

Негізі, өзім шайқаста ерлікпен қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына барып, бейіттеріне құран бағыштап қайтқым келеді. Еліміздің өзге де аймақтарында жүрген сол кездегі сарбаздармен қауышып, өткенді еске алғым-ақ бар. Бірақ қазір оған жағдай жоқ. Мүмкін, кейін реті келер...

Экспресс К: Осыдан 27 жыл бұрын ерлік көрсеткен сарбаздар қазір мемлекет тарапынан тиісті деңгейде елеп-ескеріліп жатыр ма?

Ербол Қойшыбаев: Осы жағынан кішкене қынжылтатын тұстар бар. Біз тек 7 сәуір — еске алу күні қарсаңында ғана еленіп жатамыз. Бұған дейін наградалар алмадық емес, алдық. Соңғы екі жылдан бері ай сайын жәрдемақы ретінде 13-14 мың теңге төленеді. Бірақ қазір бұл ақшаға не келеді? Бала-шаға, отбасы деген бар. Онша-мұнша жұмысқа жарай да бермеймін өзім.

Былтыр 9 мамыр қарсаңында кейбір жігіттер мемлекеттен бір реттік жәрдемақы алыпты. Бірақ бізге берілген жоқ. Сүйектерім, буындарым қақсап, тұрақты түрде тиісті ем-дом қабылдап отырамын. Кешегі жауынгерлердің қатарында мен сияқты денсаулығы сыр беріп жүргендері қаншама. Сондықтан ай сайын берілетін 13-14 мың теңгені көбейтсе екен деген тілек бар. Сәл де болсын жамау болар еді.

Жігіттер осы мәселені көтеріп, жәрдемақыны 60-70 мыңға дейін көтерсе деген өтініш айтып, тиісті орындарға хат та жаздық деген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Уақыты келгенде ол күнге де жетерміз деп ойлаймын.

Экспресс К: Сұхбатыңызға рахмет!

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров