Қаржы пирамидасы

Қаржы пирамидасына қатысты тергеліп жатқан азамат асылып өлмек болды

Кәмшат ҚОПАЕВА

Коллаж ЭК

Ақтөбеде қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша айыпталып, тергеуде отырған азамат өз-өзіне қол салды.

Бұл ақпаратты құзырлы органдар растады, деп хабарлайы Экспресс К.

Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушы ҚК-тің 217-бабы 3-бөлігі (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша жүргізілген қылмыстық тергеу барысымен және тергеушілердің іс-әрекеттерімен келіспеген. Сол себепті өз-өзіне қол салмақ болған. Ол белгісіз затпен үстін тіліп, тергеушілердің есімін жазған.

Тергеу қапасының қызметкерлері айыпталушыны дер кезінде аман алып қалды. Медициналық көмек көрсетті. Қазіргі таңда денсаулығы қанағаттанарлық. Ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Психологтар жұмыс істеп жатыр. Айыпталушының мекемедегі жағдайға қатысты шағымы жоқ. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енді. Жедел тергеу тобы келді.

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті тексеру жүргізіп жатыр.

Ал аталған оқиға бойынша облыстық Полиция департаменттің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұловтың берген мәліметінше, қаржы пирамидасын құру және оны басқару бойынша тергеу жүргізілген.

"Күдікті Қылмыстық кодекстің 296 бабына сәйкес, қылмыстық іс материалдарымен бір жарым жыл бойы жеке оқу арқылы, толық танысты. 2022 жылдың 1 сәуірінде бұл қылмыстық іс прокуратураға жолданды. Онда айыптау актісі жасалып, сотқа берді. Сотқа дейінгі тергеп, тексеру және қылмыстық іс материалдарымен танысу барысында заң бұзушылықтарға жол берілген жоқ" делінген баспасөз хабарламасында.

Қаржы пирамидасына 17 мыңнан астам адам алданып, оларға жалпы көлемі 33 миллиард теңге залал келді.

Бұған дейін Экспресс К Ақтөбеде 17 мыңнан астам тұрғынның қаржы пирамидасына алданып, сан соғып қалғанын жазған еді.

"Экспресс К" жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров