Балалар емханасы

Алматылық әйел баласының сау көзіне операция жасады деп, дәрігерлерді кінәлады

Ержан ШАЙЖАН

Видеодан кадр

Алматыдағы қалалық клиникалық балалар ауруханасында шу шықты. Ақ халаттылар баланың сау көзіне операция жасаған.

Дәрігерлердің салғырттығы туралы науқас баланың анасы айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Айдын Тоқсанбаева баласының сау көзіне операция жасалғанын ғаламторда жариялап, көпшіліктен көмек сұрады. Оның айтуынша, операция жасату үшін баласы Асылжанды түрлі тексерістен өткізген.

Дәрігерлер баланың оң көзінде өсінді ет бар екенін, соны алдырып тастау керектігін айтқан. Содан Айдана квота кезегіне тұрады. Бірақ көптен күткен операцияның бұлай аяқталатынын күтпеген.

"Квота арқылы Манас көшесіндегі ауруханаға жаттым. Менің баламның оң көзінде киста болған. Ол киста түсіп қалды да, бізге соның түбірін алу керек болған. Содан баламды ешнәрсе жегізбей, ешнәрсе ішкізбей операцияға алып кетті. Содан баланың оң көзіне емес, сол көзіне операция жасап әкеліп тұр", — дейді баланың анасы.

Айдын дәрігерлер баланың көзін шатастырып алған деп отыр. Өз ісіне салғырт қараған дәрігерлерді желі қолданушылары да жерден алып, жерге салып жатыр.

"Жүрегім ауырып бір жылап алдым. Балапан жақсы болып кетсінші. Айдын, саған Алла өзі күш қуат берсін", "Cабырға кел, арты жақсы болсын", "Дәрігерлер жауап берсін. Қателік жіберген мамандардың әрекеті заң жүзінде тексерілсін", "Алла баламен ешкімді сынамаса екен", — деп жазды желі қолданушылары.

Қоғамда резонанс туғызған мәселеге қатысты Экспресс К Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасына хабарласты. Олар баланың денсаулығына ешқандай зиян келмегенін, ал анасы байыбына бармай байбалам салғанын айтып отыр.

"Бала жоспарлы түрде Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына, офтальмология бөліміне оң жақтағы жоғарғы қабақтың халязион диагнозымен жатқызылды. 2022 жылдың 6 сәуіріне халязионды жою операциясы жасалды. Тексеру барысында баланың сол көзінде де халязион анықталып, дәрігерлер оны да алып тастау туралы шешім қабылады. Баланың денсаулығы жақсы, операция сәтті жасалды, — деді басқарма өкілдері.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров