Су тасқыны

"Адам өлсе ғана істейді". Ақтөбеде қыз бала құлаған арық әлі қоршалмаған

Кәмшат ҚОПАЕВА

Коллаж ЭК

Ақтөбеде жасөспірім қыз құлаған арықтың айналасы әлі қоршалмаған. Тұрғындар бұл жер қауіпті екенін айтады.

Ақтөбенің Батыс-2 мөлтек ауданының тұрғындары арықтың айналасын тез арада қоршауды талап етеді, деп хабарлайды Экспресс К.

©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА
©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА

Батыс-2 мөлтек ауданындағы Мәңгілік ел көшесінің тұрғындары арықтардың қоршалмай тұрғанына наразы. 31 наурыз күні осы көшедегі қар суы толған арыққа жасөспірім қыз құлап, аман қалды. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай бірінші рет емес. Бұған дейін 25 жастағы келіншек арыққа түсіп кеткен.

Абырой болғанда сол жердегі Қадыржан есімді жігіт көріп қалып, алып шықты. Көлігіне салып үйіне апарып тастады. Үш баласы бар екен. Әбден қорқып қалған. Арықтың айналасын қоршамаса болмайды,

— дейді тұрғын Гүлмира Бейсенбаева.

Ал осы жерде үш жылдан бері тұратын Ибраһим Сүлейменов әкімдіктің де, өзге тиісті орындардың да ешқандай жауапкершілігі жоқ екенін айтады.

©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА
©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА

Біздің елде бір жаман нәрсе, істі адам өлгеннен кейін қолға алады. Кешегі бала өліп қалса, мына арықты қоршап қояр еді. Құдай сақтап аман қалды. Содан әлі қоршаусыз жатыр. Келесі жылы біреу өлсе қоршайды,

— дейді ашынған зейнеткер.

Сондай-ақ арық бойындағы суағарлар мен су өткізгіштер дұрыс салынбаған.

"Былтыр маусымның 15-күні көшеге су өткізгіштерді қондырды. Бірақ арыққа қосқан жоқ. Соның кесірінен су арыққа құйылмай, керісінше бүлдіріп жатыр. Айта берсек мәселе көп. Қарап, тексеріп жүрген ешкім жоқ. Айналасы қоқыс. Ішін тазартпайды. Тұрғындар өздері тазартайын десе, әкімдік өзіміз істейміз дейді. Ал келген жұмысшылар шаруасын дұрыс атқармайды, — дейді зейнеткер.

Тұрғындар арықтың айнласын қоршамаса, бір күні қайғылы жағдай орын алуы мүмкін екенін айтады.

©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА
©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА

Жасөспірім қызды алғаш көріп, құтқаруға жүгірген "Арман" тұрғын үй кешенінің күзетшісі Ерболат Көлжігітов те зейнеткердің сөзін қостады. Айтуынша, 31 наурыз күні қар суы қатты ағынмен келген.

Терезден сырттағы жағдайды бақылап отырдым. Бір кезде көшенің арғы бетіне өте алмай жүрген қыз баланы көрдім. Ол сол жерді екі-үш рет айналып жүрді. Бір кезде өтпек болып аяғын басып қалып еді, суға түсіп кетті. Тұра жүгірдім,.

— дейді Ерболат.

©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА
©ЭК/Кәмшат ҚОПАЕВА

Ерболат барам дегенше қызды біраз жерге ағызып алып кеткен. Сол сәтте спорт клубының жігіттері көмекке келіп, шығарып алды. Олар болмаса, жалғыз өзім қызды құтқара алмаушы едім дейді ол.

Қыз бала құлаған арықҚыз бала құлаған арық
Қыз бала құлаған арық

Көретін жарығы бар екен. Аман қалғанына қуандық. Ол жағдай өтті. Енді осы жерді тезірек қоршап берсе екен. Себебі балалар ойнайды. Арыққа түсіп кете ме деп алаңдап отырамын,

— дейді Ерболат.

Сондай-ақ бүгін Ерболат Көлжігітов және қызды құтқарып қалған спорт клубының жігіттері марапатталды. Оларға еліміздің төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің Алғыс хаты мен ақшалай сыйлығы табысталды.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров