Мұхтар Бұхарбаев

Басшысының үстінен арыз жазған полицей тағы да Президенттен араша сұрады

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр / Әкімдіктің баспасөз қызметі

Шымкентте жергілікті полиция басқармасының қызметкері Азамат Айымбетов тағы да Мемлекет басшысынан араша сұрап, видеомәлімдеме жасады.

Тәртіп сақшысы өз сөзінде полиция полковнигі Мұхтар Бұхарбаевтың үстінен қозғалған іс қысқарып кетуі мүмкін екеніне алаңдап отыр, деп хабарлайды Экспресс К.

Бірінші рота командирі Азамат Айымбетовтің видеомәлімдемесі Instagram пабликтерінде пайда болды. Полицей өз сөзінде ел Президенті мен Бас прокурордан бұған дейін де араша сұрағанын айтқан.

Айта кетсек, тәртіп сақшысы Жергілікті полиция басқармасының бастығы Мұхтар Бұхарбаевтың үстінен лауазымын асыра пайдаланды деп шағым түсірген болатын.

"Мен Мұхтар Бұхарбаевтың үстінен жазған шағымыма қатысты бұған дейін де араша сұраған болатынмын. Оның кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдер ұсынылды. Көптеген тергеу әрекеттері жүргізілді. ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаментінің тергеу басқармасы жан-жақты тергеу амалдарын жүргізді. Кейінірек маған белгілі болғандай, Мұхтар Бұхарбаевтың өтініші бойынша іс антикорға өткен",—дейді тәртіп сақшысы.

Азамат Айымбетов өз сөзінде экс-бастығы әлі де қамауға алынбай отырғанын алға тартқан.

"Мұхтар Бұхарбаев (полиция полковнигі: автор) мейрамханаларда емін-еркін көңіл көтеріп, айналасындағыларға барлығын шешіп қойғанын айтып мақтанып жүр екен. Оның айтуынша, бұл қылмыстық іс созылып, соңында тоқтатылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Шымкенттегі департаментіндегілер бұл іс бойынша тиісті тергеу шараларын жүргізген. Алайда олардың айтуынша, Мұхтар Бұхарбаевты қамауға алу үшін прокуратура рұқсат бермей отыр... Құрметті Президент пен Бас прокурор! Менің көтеріп отырған мәселеме шара көрсетулеріңізді сұраймын. Барлығы заң аясында болуы керек деп есептеймін",— деді полицей.

Экспресс К тілшісі рота командирінің мәлімдемесі бойынша Шымкент қалалық прокуратура мен антикор қызметіндегілерден пікір алуға тырысты. Алайда ведомствадағылар әзірге түсінік бермеді.

Экспресс К бұған дейін полковниктің үстінен шағым жазған полицей туралы жазды. Ол өз мәлімдемесінде әлдекімдер Мұхтар Бұхарбаевтың үстінен түсірген шағымын кері қайтарып алу үшін 10 миллион теңге ұсынғанын айтты.

Полиция полковнигінің есімі өткен жылдың желтоқсан айында қызу талқыланды Желіде тараған жазбалардың скрин фотосында көрсетілген байланыс нөмерлерінің бірі полиция полковнигіне тиесілі екені айтылды.

Экспресс К редакциясы бұл бойынша Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдаған болатын. Ведомствадағылар полиция полковнигі Мұхтар Бұхарбаевтың тергеліп жатқанын растады. Көп ұзамай Жергілікті полиция басқармасының бастығы қызметінен кетті.

"Экспресс К" жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров