Қаңтар трагедиясы

Назарбаевтың ескерткішін құлатқан жігіт мен үшін батыр емес – Дәулеткерей Кәпұлы

Ержан ШАЙЖАН

Коллаж ЭК

Айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы Қаңтар қатығысы кезінде Талдықорғандағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатқан жігітке қатысты пікір білдірді. Ол отыз жыл елді басқарған Елбасының еңбегін жоққа шығаруға болмайды дейді.

Ескеркішті Талдықорғандық 37 жастағы Азамат Батырбаев құлатқан болатын, деп хабарлайды Экспресс К.

Журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат берген Дәулеткерей Кәпұлы Талдықорғандағы қираған Назарбаевтың ескерткішіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, ескерткішті құлатқан Азамат Батырбаевтың әрекетін ерлік деп бағалау қате. Танымал ақын сондай-ақ Елбасының еңбегін бір-ақ сәтте жоққа шығару дұрыс емес дейді.

"Жараның жарылған кезін айтып отырмыз ғой. Тәртіпсіздік деген нәрсе бар, тәртіпсіздікті жаппай халыққа жабуға болмайды. Көпшіліктің ішінде біреуі мойнына алады, бірақ сол адам батыр деп деріптелуі мүмкін. Отыз жылғы Назарбаевтың еңбегін жоққа шығару дұрыс емес. Шекарамызды бекітіп берді, тәуелсіздік алған жылдары тұралап тұрған экономиканы реттеді, шеттегі қазақтың келуіне мүмкіндік жасады. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегін өз басым бағалаймын. Айналасында жүргендер қаңтар қырғынын жасамағанда еңбегі бәлкім әлі бағаланып тұрар ма еді. Сондықтан ол жігіттің жасағанын мен ерлік деп, қазіргі дуылдап жатқан жұрттың әңгімесіне ере алмаймын", — деді Дәулеткерей Кәпұлы.

37 жастағы Азамат Батырбаев 5 қаңтар күні өзге шерушілермен бірге Талдықорғандағы Назарбаевтың ескерткішін құлатуға қатысқан болатын. Оның аты ғаламторда полицейлерден көрген азабынан кейін кеңінен танылды. Полицейлер оны ұрып-соғып, үтікпен азаптаған. Азаматты үтікпен күйдірген полицей кейін ұсталды.

"Экспресс К" жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров