Автобус

Ақтөбеде жүкті әйел автобустан құлап түсті

Дос ҚҰРМАШҰЛЫ

Әлеуметтік желдіен

Жүктіліктің жетінші айындағы әйел автобустан түсіп үлгермей жатып, көлік қозғалып кеткен.

Жол жиегіне қолындағы сөмкелерімен бірге құлаған 29 жастағы келіншектің арқасы жараланған, деп хабарлайды Экспресс К Диапазон сайтына сілтеме жасап.

Оқыс жағдай 1 сәуірде кешке "Макаренко" аялдамасында болған. Жүкті әйел автобустан түскелі жатқанда қоғамдық көлік жүріп кетіп, әйел балшыққа құлапты. Келіншектің айтуынша, жүргізуші мен кондуктор оған көмектеспей кетіп қалған.

"№24 автобус менің аялдамадан түскенімді күтпестен, орнынан қозғалып кетті. Ал мен жерге, балшыққа құлап түстім. Кондуктор да, жүргізуші де менің жүкті екенімді және қолымда сөмке барын көре тұрып көмектеспеді. Бұған дейін күйеуіме қоңырау шалып, базардан шыққанымды және мені қарсы алу керегін ескерткен едім. Орнымнан өзім тұрдым. Күйеуім бірнеше минуттан соң жүгіріп келді. Арқам әлі күнге дейін ауырады. Сол күнгі оқиғаға көп адам куә болды. Жүргізушінің жұмыстан шығып қалғанын қаламаймын, оны нанынан айырғым келмейді. Бірақ оны жазасыз қалдырса, оқиға қайталануы мүмкін", — дейді Айдана.

Осы оқиғаға байланысты автопарк өкілдері түсініктеме берді.

"Жолаушы полицияға арыз жазды. Біз де тәртіп сақшыларына жүргізуші туралы барлық мәліметті бердік. Тексеруден, процестік әрекеттерден кейін кінәсі анықталса, жүргізушіге қатысты шара қабылданады. Бізде әзірге басқа дерек жоқ", — деп жауап берді "Автопарк" ЖШС өкілі Руслан Жылқаманов.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров