Шоу-бизнес

Мейрамбек пен Ғазизханның АҚШ-тағы концертін ұйымдастырушылар шын жағдайды айтты

Серікқазы АЯЗБАЕВ

instagram.com/gazizkhan

Мейрамбек Бесбаев пен Ғазизхан Шекербековтің Америкада өтпей қалған концертіне қатысты дауға әлі де нүкте қойылар емес.

Экспресс К тілшісі АҚШ-тағы ән кешін ұйымдастырушылармен хабарласып, тың ақпараттарды тапты.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

Ұйымдастырушылардың айтуынша, АҚШ-та Мейрамбек пен Ғазизханның үш концерті жоспарланған. 27 наурызда Нью-Йорктегі концертті Бағдат, 2 сәуірде Филадельфиядағы кешті Мақсат Фахрутдинов, 3 сәуірде Орландодағы концертті Мика Әбдікәрімова деген қыз-жігіттер ұйымдастырған. Бірақ соңғы шаһардағы концертке билет сатылғанымен, қазақстандық өнерпаздар кешке келмей қойған. Ал әншілер мен ұйымдастырушылардың арасын Данияр Қожан есімді сол елде тұратын қазақ жігіті байланыстырып отырыпты.

instagram.com/gazizkhaninstagram.com/gazizkhan
instagram.com/gazizkhan

"Орландо қаласындағы концерттің өтуіне 2-3 күн қалғанда Мейрамбек пен Ғазизханды Америкаға шақырған Данияр Қожан бізден 10 мың доллар сұрады. Біз негізі пайызға келіскенбіз. Телефон арқылы бізге екі шарт қойды: біріншісі, 10 мың доллар бересіңдер немесе ұшақтың билеті менде, ұшып келмейміз, билетті ауыстыра саламыз деді. Кейін Мейрамбектің өзі бізге: "Мен де Даниярдың қасында әрең жүрмін. Көп жерде бізді Данияр ұятқа қалдырды", — деп хат жазды. Данияр Қожан — нанын осындай істермен тауып жүрген халықаралық алаяқ қазақ жігіті. Мен сол күні концертке жиналған қонақтардан тағы да кешірім сұраймын", — дейді Мика Әбдікәрімова.

Қазақстандық әншілер мен АҚШ-тағы концерт ұйымдастырушылар арасын байланыстырған жігіт Нью-Йорктегі кештен 13 мың доллар, Филадельфиядағы концерттен 15 доллар алған. Бірақ Мейрамбек Бесбаев бұл жағдайдан бейхабар екен. Дәл осы даулы оқиғаға қатысты Филадельфиядағы концертті ұйымдастырған Мақсат есімді жігіт те барлығын еш бүкпесіз баяндап берді.

"Мейрамбек Бесбаев пен Ғазизханды мен әуежайдан шығарып салдым. Мейрамбек ағамыз үлкен басымен менен де, Орландо қаласында концерт ұйымдастырған қыздардан да кешірім сұрады. "Інім, біз кінәлі емеспіз. Ұят болды, біз білмедік. Біз бір тиын да алмадық" деді. Филадельфиядағы концерттің бағасы 100 доллар болды. Бірақ билетке жеңілдік жасалды. Мысалы, елу жастан асқандарға 40 доллар, 18 жасқа дейінгі жастарға 30 доллар болды. Соңында 40-50 адам ғана концертке жиналды. Жалға алу ақысын да ақтаған жоқ", — дейді Филадельфиядағы концертті ұйымдастырған жігіт.

Шет елдегі шулы оқиғаны қазір АҚШ-та тұратын әнші Марат Омаров та естіпті. Отандық композитор бұл жайсыз жағдайға байланысты өнердегі інілеріне ақыл-кеңесін айтты.

"Америкаға ақша табу мақсатында келудің қажеті жоқ. Коммерциялық тұрғыда байып кету туралы да ойламау керек. Әуелі адамда патриоттық сезім болуы керек. Бұл жерге келіп, көріп, қыдырғанның өзі үлкен әсер сыйлайды. Бұл жерде өнер, білім, қай салада болсын, көп нәрсе алуға болады. Бұл жаққа келерде ойланып келу керек. Қазақ елінің өркендеуіне қандай үлес қосамыз деп келген дұрыс", — дейді Марат Омаров.

Айта кетейік, наурыз мейрамының қарсаңында АҚШ-та концерт өткізуді жоспарлаған Мейрамбек Бесбаев пен Ғазизханның басы дауға қалған еді.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров