Астық

Қант таласынан кейін кезек ұнға келді. Елде бидай қоры бір жарым аптаға жетеді

Бек ТӨЛЕУОВ

elements.envato.com

Елімізде тағы бір дүрбелең басталды. Бұл жолы Қазақстандағы ұн өндірушілер "1-1,5 аптаға жететіндей ғана" бидай қоры қалғанын мәлім етті.

Астық өңдеушілер одағы өңірлердегі диірмендердің жартысы жұмысын тоқтатып, енді соның салдарынан ұн тапшылығы туындауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Астық өңдеушілер одағы қазір бидайдың бір тоннасы 160 мың теңгеге дейін қымбаттады деп отыр. Тіпті сол бағаның өзіне бидай табу қиындап жатыр екен. Амал жоқ, Қостанайдағы диірмендердің жартысынан астамы, Қарағанды облысында 15 диірмен жұмысын тоқтатқан. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматыда да диірмендердің басым бөлігі істемей тұр.

Біз, диірменшілер, екі-үш аптадан бері бидай сатып ала алмай отырмыз. Себебі ұсыныс жоқ. Осының салдарынан ұн бағасы қымбаттайды. Қымбатшылықтан қашып құтылу мүмкін емес. Өйткені біз өндіретін өнімнің өзіндік құнының 85 пайызы шикізатқа байланысты,

— делінген одақтың хабарламасында.

Олар мұндай жағдай Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты туындап отыр дегенді алға тартты. Астық өңдеушілер одағы ауыл шаруашылығы министрлігінен бидай экспортын тоқтатып, барлық қорға инвентаризация жүргізу керек деп санайды.

Ұлттық статистика бюросы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 5,9 миллион тонна бидай бар деген мәлімет таратқан. Бірақ диірменшілер бұл деректерге күмән келтіреді.

Біз өңірлердегі барлық ұн тартушыларымызға, астық ұстаушыларға телефон соғып, осы астықтың бар-жоғын сұрадық. Өкінішке қарай, ешбір аймақта мұндай статистика сауалнамада көрсетілген деректермен сәйкес келмейді,

— дейді одақ президенті Евгений Ган.

Ол кейбір аймақтарда бюроның статистикасынан айырмашылық екі есе төмен деп отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов "Атамекен" ҰКП отырысында астық нарығындағы негізгі екі ойыншы Ресей мен Украина нарықтан уақытша кетіп, көрші нарықтарда сұраныс артқандықтан осындай жағдай болып отыр деді.

Бізге Түркия, Пәкістаннан импорттаушылар келіп жатыр. Көбінесе арпа сатып алатын Иран 2 миллион тоннаға дейін бидай сатып алатынын мәлімдеді. Бірақ, өкініштісі, осындай сәтте кәсіпкерлер ішкі нарықты емес, өнімді қымбатырақ сатуды ойлайды,

— дейді Азат Сұлтанов.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі "Республикада 7,4 млн тонна бидай бар. Елдің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін (егіс қажеттіліктері, жемшөп, азық-түлік тұтыну және өнеркәсіптік өңдеу) 3,7 миллион тонна бидай қажет. Осылайша, қолда бар қорлар елдің бидайға деген екі жылдық қажеттілігін жабады" деп ақпарат таратқан.

Сондай-ақ министрлік Қазақстан ұн қорының жеткілікті мөлшеріне ие екенін хабарлаған.

137,9 мың тонна ұн бар, оның ішінде өңірлік тұрақтандыру қорларында 11,2 мың тонна, сауда объектілерінде 53,2 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда 52,8 мың тонна, қоймаларда 20,7 мың тонна бар,

— делінген министрліктің ақпаратында.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров