GGG

Головкинге жан-тәнімен беріліп жанкүйер болған қарияның кім екені анықталды

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Әділбай Бердиев/жеке мұрағат

Головкинге барынша беріліп жанкүйер болған қазақ қариясы әп-сәтте қазнет "жұлдызы" болды.

Экспресс К тілшісі шынайылығымен көпті сүйсіндірген ақсақалды тауып, өзінен сұхбат алды.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

Үйіндегі теледидар арқылы Геннадий Головкиннің әр соққысына "жарайсың" деп риза болған қария — Түркістан облысындағы Көкарал ауылының тұрғыны. Аты-жөны — Әділбай Бердиев

Әділбай Бердиев/жеке мұрағатӘділбай Бердиев/жеке мұрағат
Әділбай Бердиев/жеке мұрағат

Әділбай атаның жасы 66-да. Төрт ұл мен төрт қыздың әкесі, 15 немеренің атасы. Ғұмырын диқаншылыққа арнаған қария бүгінде зейнеткер.

Әділбай ақсақал бала күнінде жүгірумен айналысқан. Бірақ кәсіби тұрғыда шұғылданбаған. Ал бокс — сүйікті спорт түрлерінің бірі. 1990 жылдан бері аты әлемге мәшһүр болған Майк Тайсонның жанкүйері болған. Ал соңғы 8 жылдан бері отандасымыз Геннадий Головкин десе ішкен асын жерге қоюға дайын.

Ол боксшының әрбір жекпе-жегін тағатсыздана күтіп, шынайы жанкүйерлік танытады.

Видеодан кадрВидеодан кадр
Видеодан кадр

"Головкин жұдырықтасады екен" дегенді естісем бітті, бүкіл жұмысты жиыстырып қоямын. Қай уақытта өтетіні маңызды емес. Түнгі сағат 3, 4, 5 болсын. Әрбір жекпе-жегін тура кешегі кездесуі секілді эмоциямен, қалдырмай көремін. Оның жеңісіне шынайы қуана білемін, тура жас балаша қуанамын. Марқұм жұбайым бокс өтеді дегенді ести сала айналаның бәрін жинап отыратын. Өйткені мен эмоцияға беріліп, бірнәрсені бүлдіріп қоюым мүмкін еді (күліп). Ол кісінің өмірден өткеніне бір жарым жыл болды. Марқұм Генаның әрбір кездесуін менімен бірге жымиып отырып көруші еді", — дейді ақсақал.

Әділбай Бердиев Геннадий Головкиннің Жапонияда өткен жекпе-жегіне жанкүйер болған сәтінің видеосы туралы алғашында білмедім деп отыр. Кенже қызы қарияға байқатпай видеоға түсіріп алыпты.

"Мен WhatsApp, әлеуметтік желі дегенді түсінбеймін. Бейнежазба туралы ұл-қыздарымнан, көрші-қолаңнан естіп білдім. Алғашында қорқып кеттім (күліп). Кейін кенжем не видео екенін айтып берді. Негізі соны анау интернетке жібермеу керек еді. Қазір телефонға тыным жоқ. Білмеймін, әп-сәтте танылып шыға келдім. Жылы пікір қалдырып жатқандар да жетерлік екен, рахметімді айтамын", — деді Головкиннің жанкүйері.

Айта кетейік, ақсақалдың видеосы әлеуметтік желілерде лезде тарап кетті. Басым көпшілігі қарияның шынайылығына тәнті болып, ұзақ ғұмыр тіледі. Енді бірі видеоны Геннадий Головокиннің өзі міндетті түрде көруі керек екенін және қарияға көлік мінгізсе, жарасатынын жарыса жазды.

Ал Әділбай Бердиев сыйлық алудан бас тартпайтынын айтты.

"Кім сыйлықты ұнатпайды дейсіз?.. (күліп). Генаның әрбір жекпе-жегін тек теледидардан көріп келемін. Басты арманым — сүйікті спортшым Геннадий Головкинмен кездесу. Тағы бір арманым — оның 50 жасқа толған кезде өткізетін кездесуінің куәгері болу. Себебі Головкинге спорттық мансабын қою әлі ерте деп ойлаймын. Кешегі 8 сәуірде 40 жасқа келді. Әлі жас қой. Гена 50 жасқа келгенде мен 76-ға келеді екенмін. Алла сол күнге де жеткізсін... Геннадий Головкин соңынан ізін басар көптеген шәкірт тәрбиелесе деймін", — деп сөзін түйді Әділбай Бердиев.

Еске салсақ, 10 сәуір күні Жапонияның Сайтама қаласында өткен жекпе-жекте жерлесіміз Геннадий Головкин жеңіске жетті. Ол қарсыласын нокаутпен ұтты.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров