Неке

Ажырасу тиімді ме? Үкіметке алақан жаятындар қатары көбейген

Олжас НҰРЖАҚЫП

© iStock

Бүгінде қоғамда жиі талқыланатын мәселенің бірі - құжат жүзінде ажырасып, мемлекеттің көмегіне қол созу. Әсіресе, баспаналы болғысы келетіндер осындай қадамға барып жатады.

Осы орайда Экспресс К жалған ажырасудың салдары қандай, бұл процес қалай жүзеге асады, араға уақыт салып қайта некелесу қиын ба деген сауалдарға жауап іздеп көрді.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы тағдырдың жазуынан толық емес отбасы, жалғызбасты ана деген себеппен баспаналы болған немесе қандай да бір жеңілдіктерді алып жүрген жандар елімізде жетерлік. Бірақ кейде сол санатқа әдейілеп еніп алатындар да бар. Ұзақ жыл некеде тұрып, бірнеше бала сүйгеннен кейін құжат жүзінде ажырасады. Бірақ отбасында бірге тұрып жүріп, жаңағыдай мүмкіндіктерге алақан жаяды. Белгілі заңгер Бауыржан Сералин бұлайша ажырасудың құқықтық салдары болатынын айтады.

"Заң жүзінде қарасақ, үйленгеннен кейін адам мәртебесі өзгереді. Яғни отбасы болғаннан кейін жиналған дүние-мүлік пен қаржының бәрі ортақ болып есептеледі. Оның қатарында баспана, көлік немесе өзге де дүниелер бар. Оған екеуі бірге иелік етеді. Сол себепті де сату үшін және қандай да бір мүлікті сатып алу үшін жұбайыңыздың нотариалдық келісімі, рұқсаты керек. Екіншіден балалардың құқықтық мәртебесі. Неке бұзылғанда ерлі-зайыптылар ата-ана мәртебесінен айырылмайды. Әкесі, анасы болып қала береді. Бірақ бұл жерде ескеретін мәселе, ол балаларды кәмелет жасына толғанға дейін қамтамасыз ету. Яғни алимент төлеу. Бұл баладан бас тартқан екінші тараптың мойнында болады. Кейде ашу үстінде немесе ортақ келісіммен ештеңе керек емес деген ауызша келісіммен екіге айырылып жатады ғой. Кейін уақыт өте материалдық жағы әлсіреп, балаларды асырау қиын болғанда алимент талап етіп жатады. Міне осындай кезде неке бұзылған уақыттан бергі барлық жылға алимент өндіріледі. Одан қашқан жағдайда ата-ана құқығынан айырылады. Сол себепті некені бұзған кезде осы ең маңызды мәселелерді шешіп алған абзал. Алдымен мүлікті заңды түрде бөліп, сосын алимент төлеуді ретке келтіру керек. Егер бұл әрекеттер заңды түрде сот шешімімен жасалмаса, оның салдары қиын. Яғни өзіме тиесілі деп алған мүлікті экономикалық айналымға жіберу кезінде рұқсат құжатынсыз кедергіге тап боласыз. Одан бөлек банкте қаржылық жағдайды қарастырғанда, мемлекеттік органға барғанда, жұмысқа тұрғанда да өзінің кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сол себепті де, ажырасуға жеңіл қарауға болмайды. Оның міндетті түрде құқықтық салдары болады", — дейді Бауыржан Сералин.

Бауыржан Сералин / instagram.com/bauyr_serБауыржан Сералин / instagram.com/bauyr_ser
Бауыржан Сералин / instagram.com/bauyr_ser

Экспресс К сондай-ақ ажырасу процесі қалай жүретінін және қайта некелесудің қалай болатынын Алматы қалалық Әділет департаментінің мамандарынан сұрап көрді.

"Ерлі-зайыптылардың балалары 18 жасқа толып кеткен болса, онда олар бірлескен түрде АХАЖ бөліміне келіп өтініш береді. Бұл процесс бір ай уақытты алады. Ал егер балалары кәмелет жасына толмаған жұбайлар болса, онда некелерін сот арқылы бұзуы шарт. Әрине, бұл жерде сот барлық тараптың өтінішін қарап, тиісті шешім шығарады. Десе де бұл жерде ескеретін мәселе — сол азаматтар арада жылдар өткеннен кейін қайта отбасы болып, неке куәліктерін алғылары келсе, ешқандай мәселе қаралмайды. Екі жұп бірлескен түрде өтініш қалдырса, заң жүзінде құжаттарын қолдарына береміз", — дейді Алматы қалалық Әділет департаменті өкілі.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров