Педофил

"Оқушы қыздарды пәктігінен айырған". Қостанай облысында шенеунік тергеліп жатыр

Дос ҚҰРМАШҰЛЫ

© iStock

Қостанай облысындағы Лисаков қаласы әкімдігінің қызметкері кәмелетке толмаған қыздарды алдап, жыныстық қатынасқа көндірді деген күдікке ілінді.

Құқық қорғаушы Дина Таңсәрі Instagram-дағы парақшасына Президентке жазған ашық хатын жариялады, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл хатта шенеуніктің оқушы қыздарды өзіне ғашық етіп, арам ойын іске асырған соң келесі "жемтігін" іздейтіні туралы айтылған.

"Ол тұлғасын жасырмай, жас көрінетінін пайдаланып, оқушы қыздарды өзіне ғашық етеді. ВКонтакте желісіне 20 жастағы жігіт ретінде тіркелген. Оның үстіне отбасылы, бір қызы бар екенін жасырған. Кәмелетке толмаған қыздармен жұмыс уақытында кабинеттен хат жазысады. Президент бұларға әлеуметтік желіге басқа мақсатта тіркелуді талап еткен жоқ па?", — делінген жазбада.

instagram.com/nemolchi.kz
instagram.com/nemolchi.kz

Дина Таңсәрінің айтуынша, 16 жастағы 2 қыз шенеуніктің арбауына түскен. Ол оқушылармен танысып, бастарын айналдырып алғаннан кейін жалдамалы пәтерге шақырады екен. Бұған интимді сипаттағы жазбалары дәлел. Алдап-сулап сыра ішкізіп, масайған оқушыларды пәктігінен айырған. Қыздарды қақпанына түсіріп, арам пиғылын іске асыруға 3 сағаттай ғана уақыт жұмсапты.

"Екінші қызды да төсекке итермелегелі жатқанда оқушы осы жағдай туралы тәтесіне айтып үлгерген. Ал ол кісі бізге хабарлады. Белгілі болғандай, екі қыз құрбы екен. Екеуіне бір жігіттің көзі түскенін білген. Екеуі де болған жайды ата-аналарына айтып беріпті", — дейді Д.Таңсәрі.

Хат иесі облыстық Полиция департаментіне күдіктіні қылмыс үстінде ұстауға өтініш жасаған. Екінші қыз және ата-анасы бұл операцияға келісім берген көрінеді.

"Ол жауапкершіліктен жалтарып кете ме деп қорықтық. Сондықтан тәртіп сақшыларынан оны пәтерде қыз балаға зәбірі тимей тұрып қолға түсіруді сұрадық. Бірақ полицейлердің мұндай жағдайдағы епсіздігі бәрімізге мәлім ғой. Педофильді ұстаудың орнына келісім берген қыздың өзі кінәлі екенін дәлелдеп бақты. Осы сыбысты әлдеқайдан естіп қалған күдікті байланыс дерегіндегі барлық оқушы қыздың нөмірлерін өшіріп тастаған. Былапыт жазбаларының бәрін жарияламаймын. Оларды полицияға тапсырдым", — дейді құқық қорғаушы.

Қазір күдіктіге қатысты тергеу шаралары басталыпты. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Жәбірленген оқушы қыздардың аналары жазған арыз бойынша Қостанай қаласының полицейлері ҚР ҚК 120-бабының 3-1 бөлігі (кәмелетке толмағандарды зорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Басқа да ықтимал жәбірленушілер туралы деректер іздестіріліп жатыр. Полицияға бір шағым ғана түсті", — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Күдікті қызметінен өз еркімен шығуға арыз жазған. Бұл туралы Лисаков әкімі аппаратының жетекшісі Нарын Ким мәлімет берді.

Ол бүгін арыз жазды. Әзірге тергеу жүргізіліп жатқанын, әкімдікке және мемлекеттік қызметке кір келтіргісі келмейтінін айтты,

деді Н.Ким.

Сондай-ақ әкімдіктегілер күдіктінің осы уақытқа дейін тек жақсы жақтарымен көзге түскенін айтып отыр.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров