Қаңтар трагедиясы

Полиция департаменттерінің басшылары Қаңтар оқиғасына қатысты күдікке ілінді

Олжас НҰРЖАҚЫП

©AP/Vladimir TRETYAKOV

Қаңтар оқиғасына қатысты бірқатар өңірдегі полиция департаменті және Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылары күдікті деп танылған.

Бұл туралы Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Елдос Қилымжановтың айтуынша, қазір Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жалғасуда. Тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу бойынша 547 адам күдікті ретінде танылып, 269-ы қамауға алынған. Тіпті күдіктілер қатарында бірқатар өңірдегі ҰҚК мен полиция департаментінің басшылары да бар.

Алматы, Жамбыл, Қызылорда облысындағы Ұлттық қауіпсіздік және Полиция департаменттеріне және Алматы Халықаралық әуежайы ғимараттарын тастап кету дерегіне қатысты жұмыстар жалғасуда. Аталған орган басшылары күдікті деп танылды,

— деді Елдос Қилымжанов.

Айта кетейік, Қаңтар оқиғасы кезінде жоғарыда прокурор атаған Алматы облысының Полиция департаментін Серік Күдебаев басқарған еді. Жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ол осы қызметінен кеткен болатын. Ал Жамбыл облысында департамент басшысы болған Жанат Сүлейменов қайтыс болды.

ЭК редакциясы бұл мәселеге байланысты толық ақпарат алу үшін Бас Прокуратураға сұрау салды. Ондағы мамандардың нақтылауы бойынша қаңтар оқиғасына байланысты екі облыстық полиция департаменті және үш өңірдің Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығы ғимаратты тастап кеткені үшін күдікке алынған.

Алматы, Жамбыл облыстық полиция департаменті басшылығы және Алматы қаласы мен Жамбыл, Қызылорда облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылары қару сақталған ғимаратты тастап кеткен. Соған байланысты олар күдікке алынды,

— делінген Бас Прокуратура ақпаратында.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров