Қазақстан жаңалықтары

"Димедролды артық салып өлтірген". Атырау облысында 11 айлық сәби көз жұмды

Фархат ӘБІЛОВ

Pixabay

Атырау облысында 11 айлық сәби ауруханада көз жұмды.

Сәбидің туыстары баланың өліміне дәрігерлерді кінәлайды, деп хабарлайды Экспресс К.

Наурыз айында Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылының 11 айлық тұрғыны Ибраһим Берік құсып, тамаққа тәбеті болмай қалған. Баланың туыстары үйге жедел жәрдем шақырып, фельдшерлер сәбиге екпе салады. Алайда Ибраһимнің беті бері қарамайды. Таңға жуық баланың қызуы көтеріліп, оны аудандық ауруханаға жеткізген.

"Ауруханада баламыздың денсаулығы жақсарып, үйге шығуға дәрігерлерден рұқсат алады. Алайда үйге келген соң, бала қайтадан мазасыздана бастады. Тағы іші өтіп, құсты. Баланы жедел жәрдеммен қайтадан аудандық ауруханаға жеткіздік. Ауруханада оған тамызғыш қойды. Оның тамырын таба алмай, әбден қинады. Баламыз қиналғаннан қатты жылады. Тіпті балаға ұрысып та тастады", — дейді Ибраһимнің әжесі Баян Шүкірғалиева.

Кейін баланы үйге шығарып, алайда қайтадан жағдайы нашарлап, аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Туыстарының айтуынша, дәрігерлер ештеңе айтпаған, түсіндірмеген. Осыған дейін баланың анасы дәрігерлерден "оны ұйықтату үшін димедрол дәрісін салуға бола ма" деп сұрағанда, дәрігерлер болмайтынын айтқан. Алайда ауруханадағылар нәрестеге әлгі дәріні салып, ұйықтатып тастаған.

"Өздері болмайды деп алып, кейін димедрол салған. Бала тынығып алсын деп салғандарын айтады. Бірақ оның тыныс алуы қиындап, сосын катетер іздеп еді, таба алмады. Содан соң анасы баласын құшақтап еді, қолдары салқындап қалған. Жарты сағаттан кейін оның шетінегенін естідік. Олар балаға димедролды артық берген, — деп жылайды туыстары.

Дәрі артық салынғандықтан, Ибраһимнің қан қысымы 200-ге, дене температурасы 40-қа дейін көтерілген.

Ол біздің отбасымыздың көз қуанышы ғой. Оны сағындық. Дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болып отыр,

— дейді әжесі.

Туыстары істі әділ тергеуді сұрап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған. Ал полиция осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған.

"Бала өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-тармағы (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы) бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Қазір сәбидің өлімі неден болғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған. Қорытындысы әлі шыққан жоқ, — дейді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров