ХІХ ғасырда ғарышқа ұшу туралы ой айтқан адамды Байқоңырға жер аударғаны рас па?

Есен ҮРКІМБАЙ

Байқоңыр

12 сәуір - адамзат баласының алғаш рет ғарышқа ұшқан күні. 1961 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан Юрий Гагарин мінген "Восток" зымыран тасығышы ұшы-қиыры шексіз әуе кеңістігіне бет алды. Ал Ресейде бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрын айға ұшу, ғарыш туралы әңгімелер айтып, оны жұртқа насихаттаған адамды Мәскеудің губерниялық соты Байқоңырға жер аударған көрінеді.

Экспресс К тілшісі осы оқиғаның қаншалықты рас екеніне шолу жасап көрді.

ХХ ғасырдың орта шенінде АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы бәсекенің бірі — ғарышты игеру болатын. Әрбір ұшырылған зымыран сәтсіздікке ұшыраған сайын "Қай ел ғарышты алғашқы болып бағындырады?" деген сұрақ күннен күнге маңызын арттыра түскен еді. Белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің "Адамға табын жер енді" деген өлеңінің жазылуы да осы кезбен тұспа-тұс келеді.

Бірде белгілі этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбектің "Ойтолғақ" кітабын парақтап отырып, мына бір оймақтай ғана сөйлемге көзіміз түсті.

"Мәскеу губерниялық сотының архивіндегі дерек бойынша 1848 жылы Никифор Никитин деген мещанның ісі қаралған. Сот былай деп үкім шығарыпты: "Адамның айға ұшуы жөнінде сөз сөйлеп, ұғымға жат пиғыл білдіргені үшін мещан Никифор Никитин қазақтардың қонысы Байқоңырға жер аударылсын..." ("Ойтолғақ", 65-бет.).

Ғарыш туралы әңгіме айтқан адамды Байқоңырға жер аударуы кездейсоқтық болғанымен, мещан мекендеген даладан араға ғасырдан астам уақыт салып адамзат баласының алғаш рет ғарышқа ұшуы шынымен таңқаларлық оқиға еді.

Марқұм қаламгер Ақселеу Сейдімбек бұл деректі кезінде КСРО-ға тарайтын басылымдардың бірінен оқыған болуы мүмкін. Дегенмен мұны тексере келгенде жарты ғасырдай уақыт бұрын КСРО-дағы көптеген газеттерде осы мазмұндағы мақалалар жарияланған екен.

Әуелі "мұрағатта шаң басып жатқан дерек" туралы 1974 жылы Украинаның Днепропетровскіден шығатын "Днепр вечерный" басылымына қаланың өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Пименов есімді адам ғарыш мақала жазған. Онда "Московские губернские ведомости" газетінің 1848 жылғы нөмірі музейде сақтаулы екенін айта келе, сот үкімі туралы кішкентай ақпараттың жария болғанын жеткізген.

"Днепр вечерный" басылымында 1974 жылы жарияланған мақалада мещанның Байқоңырға жер аударылғаны туралы жазылды"Днепр вечерный" басылымында 1974 жылы жарияланған мақалада мещанның Байқоңырға жер аударылғаны туралы жазылды
"Днепр вечерный" басылымында 1974 жылы жарияланған мақалада мещанның Байқоңырға жер аударылғаны туралы жазылды

Кеңес заманында провинциядағы басылымға шыққан мақаладағы бір ғана сөйлем осылайша КСРО кеңінен шарлап кетіп, талқыға түскен. Бұл дерек ауыздан ауызға айтылып, тіпті тарихи кітаптарда бұл туралы жазыла бастаған. Ал украиналық Андрей Аксюта сынды ақындар мещан Никифор туралы өлеңдер жазып тастаса керек. Көпшілігі бұл ақпараттың рас екеніне күмән келтірмеген. Тіпті "Иллюстрированная история Казахстан" атты энциклопедияға тарихи дерек ретінде еніп, телеарналардағы танымдық-зияткерлік бағдарламаларда мещан Никифор Никитиннің есімі сұрақ ретінде қойылған.

Ай туралы әңгіме қозғап, оған бару үшін ғарышқа ұшу туралы адамның ойына келмейтін (ХІХ ғасырда) әңгіме айтқан Никифор Никитинді Байқоңырға жер аударғаны жиі айтыла берген соң, фактчекингтік "Проверено" басылымы оны жоққа шығарғаны туралы материал жариялады. Басылымның жазуынша, журналистері бұл туралы арнайы зерттеу жасап, Мәскеу мұрағатынан ешқандай дерек таппаған. Кейін Днепропетровскінің тарихи музейінің ғылыми қызметкеріне барғанда ол мұны ойдан шығарғанын мойындап, әңгіменің осыншалықты кең таралатынын күтпегенін айтқан.

Осылайша уақытында сәтті айтылған "әзіл" келмеске кеткен КСРО-ның құрамындағы барлық республика тұрғындарын таңдай қақтырып қана қоймай, олардың көбі ғарыш туралы идеяны Никитин айтып, Байқоңырға із салып кетті деген деген мистикаға сендірген.

Ал шындығында ғарышқа ұшу үшін әу баста Байқоңырдың елдімекендерден қашық болуымен қатар, экватор жазықтығына жақындығы ескерілген. Соның негізінде зымыран ұшырудың қауіпсіздігі мен жерге қайтып оралатын ғарыштық нысандардың қолайлы қонуына мүмкіндігі таңдалған екен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров