Танысу тобы

Ақтөбелік келіншек жасы 50-ден асқан бойдақтарға жар тауып беріп жүр

Кәмшат ҚОПАЕВА

© Shutterstock

Қазір жастардың әлеуметтік желі арқылы танысып, шаңырақ көтеруі — қалыпты жағдай. Олар үшін бұл — танысу алаңы. Ал жалғыз басты егде жастағы жандар өмірінің соңына дейін серік болар адамды бұл алаңнан іздей бермейді. Тіпті айтуға ұялады. Ақтөбелік келіншек жасы 50-ден асқан адамдарға екінші жартысын тауып беріп жүр.

Ақтөбелік Бибігүл Сүйлейменова әлеуметтік желі арқылы танысып, отбасын құрудың құпиясын Экспресс К тілшісіне айтып берді.

Бибігүл Сүйлейменова/Жеке мұрағатБибігүл Сүйлейменова/Жеке мұрағат
Бибігүл Сүйлейменова/Жеке мұрағат

Бибігүл Сүйлейменова WhatsApp әлеуметтік желісінде танысу тобын ашып, жалғыз жүрген жандарға жар тауып беріп жүр. Қазір Бибігүлдің үш тобы бар. Бірінші топта 45-пен 60 жас аралығындар болса, екіншісінде — 40-50, ал үшіншісінде 25-пен 30 жастағылар жиналған. Соңғы топтың ашылғанына бір ай ғана болыпты.

Топтың өз ережесі бар. Қосылған адамдар өзін таныстырады. Әңгімелері жарасқан жұптар жеке сөйлеседі. Осылайша жалғыз жүрген жандар екінші жартысын тауып жатыр. Соңғы бір жылда 20-ға жуық адам өзінің жұбын жолықтырған. Тіпті сәби күтіп жүргендер де бар. Бұл топ әсіресе егде жастағы жандардың серік табуына үлкен көмегін тигізеді. Тіпті 60 жастағы адамдар да жұбын тауып жатыр.

Бибігүлдің айтуынша, танысу тобына қосылғысы келетін үлкендердің көпшілігінің әйелі немесе күйеуі ерте көз жұмған.

PixabayPixabay
Pixabay

Оларға бірге отырып шай ішіп, әңгіме айтатын адам жетіспейді. Себебі балалары жұмыста, немерелері өсіп кеткен. Жалғыз қалған қарт адамның жанын түсінбейді. Сондықтан оларға серік керек. Өз беттерімен іздеуге ұялады. Баласына тағы айта алмайды,

— дейді Бибігүл.

Бұндай жандарға осындай топтар арқылы сөйлескен тиімді. Тіпті жұбын жолықтырмаса да сөйлесетін, әңгіме айтатын адам табады.

Топқа қосылып танысудың ешқандай ұяттығы, әбестігі жоқ. Адам қай жасқа келсе де бақытты болуы керек,

— дейді Бибігүл.

Бибігүлдің бұл істі қолға алауына өзінің басындағы жағдай себеп болыпты. Осыдан бес жыл бұрын күйеуі қайтыс болып, үш баласымен жалғыз қалды. Ол уақытта Атырауда тұрды. Күйеуі Ақтөбенің жігіті, яғни ағайын-туыстың барлығы сол жақта. Күйеуі көз жұмған соң балаларын өзінің туыстарының ортасына апаруды ойлайды.

Солардан алыстамасын, ағайындарын біліп, көріп өссін дедім. Атыраудан Ақтөбеге көшіп келдім. Бұл жақта ешқандай танысым жоқ. Күйеуімнің туыстары жақын тартқанымен, қатар-құрбыдай болмайды,

— дейді Бибігүл.

Жалғыз өзі таныс емес қалада жабырқап жүрген келіншек бір күні Instagram-нан "Танысу тобы" дегенді көзі шалып қалды. Қоңырау шалып, WhatsApp әлеуметтік желісіндегі топқа қосылды.

Танысу тобында 30-дан 40 жасқа дейінгі бойдақ қыз-жігіттер жиналған. Олардың бірі өзіне осы жерден дос тапса, екіншісі өмірлік серігін тауып, отбасын құрып жатыр. Кейін Бибігүл өзі тәрізді қыз-жігіттердің басын қосып, бөлек топ ашып алды.

Бәрі осыдан басталды. Топты жарнамалады. Көп уақыт өтпей-ақ бойдақ қыз-жігіттер хабарласа бастады. Аз уақыттың ішінде топ жанданып, тіпті бірін- бірі ұнатқан екі жас отау құрды.

Топ жандана бастаған кезде 30 жастағылармен жұмыс істеуді тоқтаттым. Тек 40-тан 60 жасқа дейінгі адамдарды қабылдадым. Себебі олармен жұмыс істеу оңай. Артық сөз, қылтың-сылтың жоқ. Осылайша Instagram-нан парақша аштым. Адамдар көбейді,

— дейді ол.

Сол уақытта коронавирусқа байланысты шектеу шаралары енгізілді. Бұл да әлеуметтік желі арқылы адамдардың бір- бірімен жақын танысуына ықпал етті.

Топтағылар ай сайын кездесу ұйымдастырады. Табиғат аясына немесе дәмханаларда бас қосады.

PxherePxhere
Pxhere

Елуден асқан ер адамдардың көпшілігі топқа қосылғаннан кейін "тыңқиып" отырады. Үндемейді. "Сәлем! Қайырлы күн" деген сөздермен шектеледі. Ал кездесуде ашылып, әңгіме айтады,

— дейді ол.

Бірде қызық жағдай болыпты. Ресейдің Новотроицк қаласынан 50 жастағы әйел хабарласады. Ақтөбенің қызы екен. Күйеуі қайтыс болған. Топқа қосылып, серік болатын адамды тапқысы келеді. Бірақ Бибігүл "Сіз алыстасыз, біздер кездесу ұйымдастырамыз. Топта босқа отырудың қажеті қанша?" деп қабылдамайды. Дегенмен номерін сақтап алып, кейін топқа қосыпты.

Үш айдан кейін әйел жекеме жазды. Қаланың қасындағы ауылдан 52 жастағы ер адаммен тіл табысқанын айтты. Мамыр айында Ақтөбеге келеді екен. Іштей аса сенбедім. Сонда да көңілін аулап, құттықтап, сәттілік тіледім,

— дейді Бибігүл.

Әйел сөзінде тұрып мамырда жігітпен кездесуге келді. Екеуі бірін-бірі ұнатты. Жігіттің 10 жыл бұрын әйелі қайтыс болған. Балалары отбасын құрып, өз алдарына бөлек кеткен. Немерелері де ер жеткен.

— Топтағылар жиналып "екі жастың" қуанышын бөлісуге ауылға бардық. Әйелдің бір қызы бар екен. Шілде айында біржола көшіп келді. Қазір барлығы бірге тұрып жатыр. Заңды түрде некелесті. Осыған ұқсас оқиғалар көп. Бірде 50-ден асқан әйел қосылды. Кейін ажырасып кеткен қызын екінші топқа қостық. Екі айдан кейін қызы жұбын тапты. Биыл пәтер алыпты. Жақында заңды некелерін қимақ,— дейді Бибігүл күліп.

Топқа қосылмай-ақ жұп тауып жатқан жандар бар. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын бір қыз 60 жастағы әкесіне серік болатын адам іздейтінін айтады. Аналары қайтыс болған. Әкесі жалғызсырайды екен. Бибігүл "жігіт" туралы деректерді топқа салады. Бірнеше "қыз" телефон номерін берді.

Кейін қызы хабарласты. "Әкемнің жүзіне нұр кірді. Ашылып әңгіме айтатын болды. Сыртта телефонмен сөйлесіп жүргенін байқадым" деді. Топтағы 52 жастағы әйелмен тіл табысыпты,

— дейді ол.

Бибігүл топқа әр түрлі мақсатпен хабарласатындардың да барын айтты. Тіпті келеңсіз жағдайлар да болған. Келіншектердің сеніміне кіріп, кейін жоқ болып кеткендер болған. Тіпті жасы елуге келсе де желігі басылмаған еркектер "жас келіншек тауып бер" деп қоңырау шалады екен. "Әйелдердің қалағанын істеймін" деп өзінің қызметін ұсынатын да жігіттер болған. Әйелдердің де арасында ойы бұзылғандар кездеседі. Оның ішінде "Күйеуім вахтада. Соңғы кезде маған көңіл бөлмейді. Қанағаттанбаймын. Жас жігіт тауып берші" дегендер де болыпты. Бибігүл бұндай адамдарға бірден тосқауыл қояды. Себебі топтың мақсаты — бұл емес.

Танысу тобыннан Бибігүлге келер пайда жоқ. Бірақ осы кәсібі өзіне ұнайды. Себебі өзі осы топтан таныс, жақын дос тапты. Қазір бірге қыдырып, бірге сыр шертіседі.

Бибігүлдің айтуынша, ауданнан қосылған "қыздар" тез "өтіп" кетеді. Әсіресе, Хромтау, Мәртөк, Қобда аудандарының қыз-келіншектері белсенді екен. Тіпті Қобданың бір ауылында тұратын 37 жастағы үйленбеген қазақ жігіті 47 жастағы орыс келіншекті алыпты.

Баласы жоқ келіншектер тез жұбын табады. Ал бірнеше баласы бар ажырасқан немесе күйеуі көз жұмған жандарға жұбын табу қиындау. Жігіт ұнатып тұрса да, балаларға келгенде жауапкершілктен қашады,

— дейді ол.

Бибігүлдің жасы 37-де. Өзінің де бойдақ екенін топта жасырмай айтып отырады. Алайда келген жігіттер бұған "қыз" емес "әкімші" ретінде қарайды екен.

—"Әкімшінің де басы бос" деп әзілдеп болса да айтамын. Бірақ осы уақытқа дейін ешкіммен танысқаным жоқ. Балаларым жас. Әзірге тұрмысқа шығуды ойлап жүргем жоқ. Алайда топты тастап кеткім келмейді. Бұл жердегі адамдар жақынымдай болып кетті. Барлығы оқыған-тоқыған адамдар. Тіпті қиын кезде бір-бірімізге қолдау көрсетіп жатамыз. Жақында тағы бір қыз-жігітіміз бас қоспақ. Қазір сол тойды қызу талқылап жатырмыз, — дейді Бибігүл.

Қазір топтағылардың 70 пайызының ауызы берік. Өткен аптада ауызашар жасапты. Әсіресе 25-пен 30 жас аралығындағылар белсенді.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров