Такси

Шымкентте такси жүргізушісі екі клиенттің қолынан мерт болды

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Pxfuel

Шымкентте екі жігіт орта жастағы ер кісіге шабуыл жасап, өлімші етіп сабап тастаған. Олар такси қызметін ұялы телефондағы қосымша арқылы тапсырыспен шақырған.

Такси жүргізушісі аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды, деп хабарлайды Экспресс К.

Полицейлерге шабуыл туралы аурухана қызметкерлері хабарлаған. Таксист жансақтау бөліміне ауыр дене жарақаттарымен жеткізілген екен.

"Ауыр қылмысты ашу мақсатында күдікті адамдарды анықтауға және ұстауға бағытталған жұмыстар нәтижесінде қарақшылыққа екі жас жігіттің қатысы бар болуы мүмкін екені анықталды. Олардың бірі — Шымкент, ал екіншісі — Түркістан облысының тұрғыны. Екеуі де жұмыссыз", — деді қалалық Полиция департаментіндегілер.

Белгілі болғандай, екі жігіт такси қызметіне ұялы телефондағы қосымша арқылы тапсырыс берген. Олар көлікті ұрлап кету туралы алдын ала сөз байласқан екен. Сол мақсатпен такси жүргізушісін бейнебақылау камералары қойылмаған, қаланың шеткі аумағына шақыртқан.

Жедел уәкілдер күдіктілердің бірін Бәйдібек ауданынан ұстады. Ал оның серіктесі Сарыағаш ауданында құрықталды. Екеуі де жасырынуға тырысқан. Қазіргі таңда күдіктілер тергеу изоляторында. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің "Қарақшылық" және "Адам өлтіру" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталады.

Қарақшылық шабуылдың құрбаны болған ер кісінің автокөлігі Түркістан облысындағы ауылдардың бірінен бөлшектелген түрде табылды.

Басынан және өзге де ауыр дене жарақатын алған такси жүргізушісі жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров