Суицид

Үш баласымен секіріп өлген Бақтыгүлдің әпкесі: "Соңына дейін барамыз"

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Марқұмның анасы Анар Мырзабекова және туған әпкесі Жанар Қыдырбаева/© ЭК / Жеке мұрағат 

Алматыда үш баласымен бірге 9-қабаттан секіріп көз жұмған Бақтыгүл Қыдырбаеваның туыстары Полиция департаменті таратқан мәліметтен хабарсыз болып шықты.

Марқұмның әпкесі Жанар Қыдырбаева бұл іске нүкте қойылғанынан хабарсыз екенін алға тартты, деп хабарлайды Экспресс К.

Бақтыгүлдің әпкесі қоғамдық резонанс тудырған іс бойынша жәбірленуші тараптың ресми өкілі екенін айтты. Бірақ неге екені белгісіз, тергеушілер қылмыстық іспен таныстырмаған да екен.

"Үш рет тергеуші ауысты. Полиция ғимаратына талай рет бардым. Барсақ, бізді ішке кіргізбейді. Қылмыстық іспен таныстырмады. "Тергеу жалғасуда, іс аяқталған соң бір-ақ таныстырамыз" деп жауап берді. Осыдан екі апта бұрын тергеушінің үстінен қарайтын қызметкермен телефон арқылы сөйлестім. Сізге хабарласып айтады деген. Ешкім хабарласпады. Істің тоқтатылғанын сізден естіп тұрмын. Әрине, мұнымен келіспейміз. Жап-жас келіншек үш баласымен көз жұмып отыр... Бұл қалай сонда? Полиция ғимаратына барып, мән-жайды біліп алайын. Ары қарай тиісті органдарға шағымданамыз", — деді Жанар Қыдырбаева.

Еске салсақ, өткен жылдың қараша айында Алматыдағы Жетісу ықшамауданында 28 жастағы әйел 2015, 2016 және 2019 жылы туған үш баласымен көпқабатты үйдің 9-қабатынан секіріп көз жұмған болатын.

Кейінірек марқұмның өлер алдындағы хаты жарияланды. Онда әйелдің өмірден шаршағаны, кінәлілердің жағдайды өздері түсінетіні жазылған.

Бақтыгүл Қыдырбаева мен үш баласының жаназасы келіншек келін болып түскен Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Үлгілі ауылындағы шаңырақтан шығарылды. Дәл осы күні марқұмның туыстары келіншектің өліміне күйеуі Нұрсұлтанды кінәлады. Айтуларынша, марқұмның жолдасы казино ойнап, басқа әйелдің артынан кеткен. Күйеу балаларының қалталы көңілдесі бар екенін мәлімдеді.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров