Оқушылар

"Дедовщина". Жоғары сынып оқушылары жасы кішілерді әжетханада ұрып-соққан

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Pxhere

Шымкенттегі №12 мектеп-интернатынан шу шықты. Мектеп Түркістан облысының балансында.

Білім ұясындағы жоғары сынып оқушылары жасы кіші балаларға әлімжеттік көрсетіп, ақша бопсалаған. Балалар интернаттың жатақханасында жатып білім алады екен, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл туралы жергілікті адвокат Құрманғазы Мүсір дабыл қағып, өз парақшасында видео жүктеді. Бейнежазба желіде тарап кетті. Оның айтуынша, 10 сыныптың төрт оқушысы төменгі сынып оқушыларын ұрып-соғып, ақша жинайтын көрінеді. Олар өздерін "атаман" деп атайды екен.

Мектеп-интернатқа барған адвокат директорды іздеп кабинетіне барады. Алайда білім ұясының басшысы денсаулығына байланысты еңбек демалысында болған. Ал оның орынбасары мектептегі бұл жағдайды растайды және директор мән-жайдың бәрінен хабардар екенін алға тартады.

"Жоғары сынып оқушыларының төменгі сыныптағыларды жинап, ұрып-соғып ақша жинағаны не масқара? Неге сіздер бұл бойынша іс-әрекет жасамайсыздар? Бәлкім мұғалімдер жинатып жатқан шығар ол ақшаны? Себебі ешқандай шара болмаған соң сондай ойға кетеміз... Бұл балалар жатақханада жатып оқиды. Интернат ішінде "дедовщинаға" жол беріп отырсыздар ғой...",—дейді Құрманғазы Мүсір директор орынбасарына.

Экспресс К тілшісі білім ұясындағы бұл оқиға бойынша директордың өзінен сұрап білді.

М.Тасова атындағы мектеп-интернатының директоры Ғалымжан Өскенбай мектептегі әлімжеттікті растап отыр. Бірақ ешқандай ақша бопсалау емес, балалар өзара мықтыны анықтамақ болып жаға жыртысып, ерегісіпті. Сонымен қатар жәбірленуші тек бір оқушы екен.

"Оқушылар — ата-аналардың бізге тапсырған аманаты. Біз дереу жиналыс өткіздік. Әлімжеттік көрсеткен оқушылар мен жәбірленуші баланың ата-аналарын шақырттық. Жиынға мектеп инспекторы да қатысты. Балалардың әрбірімен жеке-жеке сөйлесіп, түсініктеме алдық. Оқиға мектеп әжетханасында болған, балалар бір-біріне артық сөз айтып, төбелесіп қалған. Жәбірленуші 9 сынып бір оқушысы болып отыр. Біз оқиғаны ести сала дереу жедел жәрдем қызметін шақырдық",—деді мектеп-интернатының директоры.

Дәрігерлер жасөспірім баланы толық тексеруден өткізгеннен кейін ешқандай қауіп жоқ екенін айтыпты. Оқушы ары қарай сабағына қатысқан. Директордың айтуынша, жәбірленуші оқушының анасы ұлының денсаулығы алдағы уақытта сыр бере ме деп алаңдап отыр. Ал әлімжеттік көрсетті дегендердің ата-аналары балаларының әрекеті дұрыс емес екенін мойындап, жәбірленушінің кез келген өтінішін орындаймыз деп келісіп отыр екен.

Шымкент қалалық Полиция департаментідегілер бұл оқиға бойынша әзірге пікір білдірмеді.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров