Жемқорлық

Көкшетауда ескі аппараттар 11 адамның өліміне себепші болған. Кінәлілер сотталды

Дос ҚҰРМАШҰЛЫ

Видеодан кадр

Облыстық денсаулық басқармасының бұрынғы басшысы Ілиясов, туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Ташметов және "Медлайн" ЖШС директоры Молдантаеваның ісі сотта қаралды.

Аталған тұлғалар коронавирус пандемиясы кезінде облыс әкімдігі бөлген мемлекет қаржысын талан-таражға салған, деп хабарлайды Экспресс К, kokshetau.asia сайтына сілтеме жасап.

Сыбайластар бұрын қолданыста болған медицина құрылғыларын қымбат бағаға сатып алған. Атап айтқанда, туберкулезге қарсы диспансер 2008 жылы шығарылған ақауы бар "Драгер Эвита" өкпені жасанды желдету аппаратын алуға 25 миллион ақша жұмсаған. Дәл осы аппаратқа қосылған 11 пациенттің көз жұмғаны анықталды.

Сот Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов пен "Медлайн" ЖШС директоры Жанар Молдантаева елде жарияланған төтенше жағдай кезеңінде жеке медициналық жабдық сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырғаны әшкере болды.

"Осылайша, бұрын пайдаланылған, өндірістен шығарылған және дайындаушы зауыттардың кепілдік құжаты жоқ жабдықтар сатып алынған. Бұл қолданыстағы заңнамада қойылатын талаптарға сәйкес келмеді. Осы екі сотталушы тарапынан жасалған қылмыстық әрекеттер арқылы мемлекетке 86 895 000 теңге сомасында аса ірі көлемде материалдық залал келтірілді", — делінеді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бұрынғы бас дәрігері Қалымжан Ташметов лауазымынан босатылғаннан кейін де жеке құжаттарға қол қойып, соның нәтижесінде мемлекетке 25 млн теңгеден астам сомада материалдық зардап келтірген.

"Көкшетау судьясы Әйтімбек Жұмабеков Ілиясов пен Молдантаеваны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім жарияланғаннан кейін Жанар Молдабаева қамауға алынды. 2020 жылы шығарылған оның қымбат автокөлігі мемлекет кірісіне айналдырылды. Ақмола туберкулезге қарсы диспансерінің бұрынғы бас дәрігері Ташметов рақымшылыққа байланысты жазадан босатылды. Ташметовті "Парасат" мемлекеттік наградасынан айыру туралы ұсыныс енгізілді", — дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіндегілер.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров