Қасым-Жомарт Тоқаев

Қостанай облысында бала Қасым-Жомарт Тоқаев тұрады

Дос ҚҰРМАШҰЛЫ

 © Айбек ТАҢАТБАЕВ

Ел Президентінің аттасы 6-сыныпта оқып жүр.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

Амангелді ауданына қарасты Үштоғай ауылының кішкентай тұрғыны мемлекет басшысымен аты-жөнінің бірдей болғанын мақтан тұтады, деп хабарлайды Экспресс К.

2010 жылы дүниеге келген Қасым-Жомартқа бұл есімді әкесінің 1972 жылғы әпкесі қойыпты. Ол өзі ерекше бағалайтын білікті саясаткердің құрметіне осы атты таңдап, нәресте болашақта танымал қайраткер болсын деп ырымдаған екен.

"Қазіргі Президентіміз ол кезде министр болды-ау деймін. Күйеуімнің тегі Тоқаев болғандықтан, қайын апам Ғизат Әйтішова баламның атын Қасым-Жомарт деп қойды. Әуел баста "үлкен есімді неге қойды екен?" деп іштей наразылау болғаным рас. Бірақ кейін үйренісіп кеттік. Сөйткен ұлымыз, мінекей, 12 жасқа келіп қалды. Туған күні — 20 маусымда", — дейді анасы Нұргүл Тоқаева.

Қасым-Жомарт — үйдегі үш баланың ортаншысы. Анасы оның тік мінезді, айтқанынан қайтпайтын, алғыр болып өсіп келе жатқанын айтады.

Оқу үлгерімі жұрт қатарлы. Ал енді футбол десе, ішкен асын жерге қояды. Есіл дерті — доп қуу. Үнемі үйге "мектеп директоры мықты ойнайтынымды айтты, өскенде футболшы боламын" деп желпініп келеді,

— дейді Нұргүл.

© Айбек ТАҢАТБАЕВ© Айбек ТАҢАТБАЕВ
© Айбек ТАҢАТБАЕВ

Жеткіншектің бала арманы көп. Соның бірі — Мемлекет басшысымен кездесу. "Егер Қасым-Жомарт ағамен жолықсам, ауылыма спорт залын салып беруді сұрар едім" дейді екен өзі. Расында да Үштоғай елді мекенінде қысы-жазы спортпен айналысатын мүмкіндік жоқ. Оның мәнісін ауылдағы 9 сыныптық негізгі мектептің директоры Әділхан Әбдіуахитов түсіндірді.

"1974 жылы салынған мектеп апатты жағдайда тұрды да, 2012 жылы сол кездегі облыс әкімі Сергей Кулагин екі қабатты су жаңа ғимараттың іргесін қалап берді. Бірақ, неге екенін қайдам, құрылыс жобасында спорт залы қарастырылмаған. Қыс кездерінде қиын. Дене шынықтыру пәні 42 шаршы метрлік кабинетте өтеді. Оның өзінде де оқушылар жаттығу жасап, теннис, шахмат қана ойнайды. Балалар жаз шыққанша доп көрмейді. Әйтпесе, жеткіншектердің, әсіресе Қасым-Жомарттың футболға деген икем-қабілеті, шапшаңдығы сүйсіндіреді", — дейді мектеп басшысы.

Оның айтуынша, таяу болашақта спорт ғимараты пайда болады деген сыбыс естілмейді. Бұған қоса, Үштоғай ауылында әлі күнге ұялы байланыс жоқ. Сондықтан қазір Қасым-Жомарт басқа ауыл балаларындай емес, өркениет игілігінен тыс жерде өсіп келеді.

Ауылымызға ұялы байланыс орнатылса екен. Бәріміздің қалау сол. Әйтпесе, басқа басы артық тілегіміз жоқ. Тұрғылықты жерде азды-көпті нәпақамызды айырып, қоңыржай тірлік кешіп жатырмыз,

— дейді Қасым-Жомарттың анасы.

Нұргүл де, күйеуі Мейрамбек те ауылда егіншілікпен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікте жұмыс істейді. Өзі серіктестік басшысы Мүбәрак Шаяхметовтің үй қызметшісі. Ал Мейрамбек егіс және орақ маусымы кезінде жұмысқа шығады екен. Ата-ананың бар арманы — балаларын қатардан қалдырмай өсіру.

Айта кетейік, 400 тұрғыны бар Үштоғай ауылы "Әулиекөл-Жалдама" тас жолы бойында, аудан орталығынан 112 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл елді мекен 15 жыл бұрын ашылған шаршы геоглифпен әлемге танымал.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров