Шәууәл айы

Шәууәл айының алты күндік оразасына қатысты білу керек қағидалар

Экспресс К

Islam.kz

Хижра күнтізбесі бойынша Рамазан айынан кейін Шәууәл айы келеді. Бұл кезде мұсылмандардың алты күндік нәпіл ораза ұстауына болады. Ол міндет емес, әркімнің өз еркінде. Бірақ Рамазанның оразасын ұстағаннан кейін Шәууәл айында да алты күн ауыз бекітсе, оның сауабы мол болады. Бұл жайында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: "Кімде-кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады".

Экспресс К осы күндері ораза ұстаудың ерекшеліктері жайында айтып беруді жөн көрді.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Muftyat.kz ресми сайты бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсіндірген. Алла Тағала Құран Кәрімде: "Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі" деген. Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады.

Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні — ауыз бекітуге болмайтын Ораза айттың алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда бұл — отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз.

Шәууәл айының оразасын қай күндері ұстаған жөн?

Шәууәл айының оразасы тек осы айда ғана ұсталады. Ораза айттың алғашқы күнінде ауыз бекітуге болмайды. Содан кейін алты күндік оразаны не қаза оразаны ұстай беруге болады.

Бұл оразаны үзбей ұстау керек пе?

Шәууәл айының нәпіл оразасын арасын үзбей қатарынан немесе арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде де ұстауға болады. Кейбір Ханафи ғалымдары үзбей ұстағаннан бөліп ұстағанды артық көрген. Дегенмен, алты күнді үзбей ұстаған абзал.

Шәууәл оразасын Рамазан айының қаза оразасымен қатар ұстауға бола ма?

Ханафи ғұламасы Имам Әбу Юсуф: "Қаза ораза мен нәпіл оразаға бірдей ниет еткен жағдайда онысы қаза ораза үшін есептелінді" деген. Ал Имам Мұхаммед "Ондайда жасаған ниеті қаза оразаға емес, нәпіл оразаға есеп" дейді. Яғни Ханафи мазһабында оразаның қазасы мен Шәууәл оразасын бірге ұстауға болмайды. Екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан бөлек ұсталуы керек.

Нәпіл оразаны аптаның қай күндері тұтқан абзал?

Шәууал айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Себебі Пайғамбар: "Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын" деген.

Шәууәл оразасын Рамазанның қазасын өтеп алып барып ұстау керек пе?

Әуелі қазаларыңызды өтеп алып, одан кейін Шәууәлдің алты күндік оразасын ұстаймын десеңіз де, немесе, бірінші Шәууәл оразасын ұстап, қазаларыңызды кейінірек өтеймін десеңіз де, өз ықтиярыңыз. Ханафи мазһабы бойынша қаза ораза өтелмей тұрып, нәпіл оразаны тұта беруге болады. Бірақ Шәууәл айында алты күн ораза тұту Пайғамбар сүннеті болғандықтан алдымен оразаның қазасын өтеу абзалырақ дейтіндер де бар.

Рамазан оразасын ұстамай-ақ Шәууәл оразасын ұстауға бола ма?

Иә, болады. Алайда олар Пайғамбар сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабынан қағылады. Себебі Рамазан оразасы парыз саналады.

Шәууәл оразасының орнына қазасын өтегендер бір жылдық сауап ала ма?

Кей ислам ғалымдары: "Қаза оразаны Шәууәл айында өтейтін кісіге нәпіл ораза ұстамаған күннің өзінде қазасын аталмыш айда өтегендіктен Шәууәл айының сауабы қосымша жазылады" деген тұжырымды алға тартады. Яғни осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ бұл — нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Қаза оразалары алты күнге жетпейтін кісілер кем күндерін қосымша нәпіл оразамен толықтырғаны абзал.

Нәпіл оразаға ниет қалай жасалады?

Шәууәл оразасы да Рамазан оразасы секілді "таң" намазынан "шам" намазына дейін жалғасады. Көкейде ниет болса жеткілікті. Ауызша айтамын деуші кісі былай десе болады: "Ниет еттім Алла ризалығы үшін Шәууәл айында нәпіл оразаның бірінші күнін (екінші не үшінші күнін) ұстамаққа. ХалиссаиЛләһи Тағалә". Ауыз ашқанда да әдеттегідей сумен не құрмамен ашып, қазақшалап тілек-дұға жасауға болады. Арнайы ниет-дұға жоқ.

Шәууәл оразасын қай кесте бойынша ұстайды?

Рамазан айынан кейін қаза ораза мен Шәууәл оразасын ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алады. Таң намазы кірген уақыт (ас-су ішу бұдан 10 минут бұрын тоқтылады) — ауыз бекітетін уақыт. Ақшам намазының кірген уақыты — ауыз ашатын уақыт.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров