"Экологиялық апат". Сырдария өзені қайтадан тартылып барады

Абай НҰРЖАНҰЛЫ

Видеодан кадрлар

Жаз басталмай-ақ су деңгейінің төмендегені сонша өзеннің қақ ортасынан құрғақ жер көрінеді.

Сырдарияның Қызылорда қаласының тұсынан өтетін бөлігінің видеосын депутат Ерлан Мұсаев өз парақшасында жариялады, деп хабарлайды Экспресс К.

Өзен суы өткен қыста біраз толған еді. Тіпті сол арқылы облыс аумағындағы бірнеше көлге су жіберілген болатын. Алайда соңғы күндері Сырдың суы қайта сирақтан келе бастады. Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан Сырдарияның былтыр жаздағы қалпына түсіп, қатты тартылып бара жатқанын көруге болады.

Мұндай көрініс көпшіліктің жүрегін ауыртты.

"Бұл экологиялық апат. Осыған тартылып бара жатса да, қарап отырған билік кінәлі", " Күріштікке жібергесін тартылып қалды. Табиғатты қорғауымыз керек қой",

— деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.

Ал жауапты басқармадағылар тіршілік нәрі егін алқабына жіберіліп жатқандықтан, өзен тартылып қалғанын растады. Бірақ жақында су деңгейі көтеріледі деп сендірді.

"Сол жаға магистралды каналының бойындағы егістікті суландыру үшін секундына 170 текше метр су жіберіліп жатыр. Сондықтан өзеннің су деңгейі төмендеді. 4-7 мамыр аралығында Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінен қосымша 100 текше метр, 11 мамырда 50 текше метр артып, қазір Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 550 текше метр су жіберіле бастады. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 15 мамырынан бастап Қызылорда су торабы арқылы өтетін судың көлемі 44 текше метрден 70-75 текше метрге дейін көтеріледі" , — деді облыстық табиғи ресурстар басқармасындағылар.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи отырыңыз.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров