Жұмысшы

Тонналап қызанақ тергізген полицей жұмысшы әйелдердің ақшасын бермей қойған

Ержан ШАЙЖАН

Видеодан кадрлар

Сарыағаштық учаскелік инспектордың жылыжайынан қызанақ терген әйелдер еңбекақыларын ала алмай қалған. Ашынған жұмысшылар келісілген ақшаның орнына, полицейден қоқан-лоққы көрдік деп отыр.

Бейнежазба Сарыағашта түсірілген, деп хабарлайды Экспресс К.

Еңбекақыларын ала алмай жүрген әйелдердің бейнежазбасын журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялады. Онда жәшікке қатталған және тау болып үйіліп жатқан қызанақты көруге болады.

Жалдамалы жұмысшылар өнімді учаскелік инспектордың жылыжайынан таңнан кешке дейін жинапты. Айтуларынша, жеме-жемге келгенде келісілген ақшаны инспектор бермей қойған. Керісінше өздеріне атылып, қоқан-лоққы көрсетіпті.

"Мынау Берік деген Сарығаштың учаскелік инспекторының 40 сотық жылыжайы. Соның қызанағын азаннан кешке дейін тердік. Түске дейін 6 мың теңгеге келіскенбіз. Бірақ қызанақ көп шықты да кешке дейін бәрін теріп бітірдік. Енді қайтатын кезде 12 мың емес, 9 мың ғана беріп тұр. Қорқытып жатыр, быт-шытыңды шығарамын, ақшаңды бермеймін — дейді. Учаскелік полицейлер осылай істесе, не істеуге болады?!", — дейді бейнежазбадағы әйел.

Әзірге бейнежазбадағы әйелдердің кім екені және инспектор Берік туралы нақты ақпарат жоқ.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров