Жәрдемақы

Әйелі босанған бас ұстаз өзіне 376 мың теңге материалдық көмек жаздырып алған

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Ержан Қадырбек / Түлкібас әкімдігінің баспасөз қызметі / ©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Түркістан облысы Түлкібас ауданының бас ұстазы Ержан Қадырбек әйелі босанған соң өзіне 376 мың теңге көлемінде материалдық көмек алған.

Шенеунікке ақша аударылғаны туралы құжаттың фотосы әлеуметтік желіде тарап кетті, деп хабарлайды Экспресс К.

Мұнымен қоймай бұл ауданда кейбір мектеп директорының орынбасарлары мен мұғалімдердің 250 мың теңге сыйақы алып келгені де белгілі болды. Бұл туралы шымкенттік белсенді, педагог Өмір Шыныбекұлы Facebook-тегі парақшасында жазды.

facebook.com/omir.shynybekulyfacebook.com/omir.shynybekuly
facebook.com/omir.shynybekuly

"Балабақша тәрбиешілеріне денсаулығына байланысты демалысының ақысы төленбей жатқанда, Түлкібас аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы өзіне екі айлық жалақы көлемінде (188 000+188 000 теңге) материалдық көмек алған. Ақпараттың қаншалықты рас екеніне сенімсізбін, бірақ бұл көмек алғашында бөлім басшысының өмірден өткен туысы үшін, кейін отбасында дүниеге келген сәби үшін төленіпті... Бұл бәлкім заңға қайшы емес шығар, бірақ этикалық тұрғыда ше?" — деп жазды педагог.

Өмір Шыныбекұлының айтуынша, материалдық көмек жағдайы жоқ, көмекке мұқтаж ұстаздарға беріледі. Бірақ екі айлық жалақы көлемінде көмек алу дегенді бұрын-соңды естімегенін айтады.

facebook.com/omir.shynybekulyfacebook.com/omir.shynybekuly
facebook.com/omir.shynybekuly

Педагог өз жазбасында аталған ауданда мектеп басшылығы мен кейбір ұстаздардың өте көп мөлшерде сыйақы алғанын да атап өткен.

facebook.com/omir.shynybekulyfacebook.com/omir.shynybekuly
facebook.com/omir.shynybekuly

"Білім саласындағы 20 жылдық тәжірибемде педагогтарға 250 мың теңге көлемінде сыйақы төленгенін есіме түсіре алмай отырмын. Ал Түлкібас ауданында кейбір мектеп директорының орынбасарлары мен мұғалімдерге 250 мың сыйақы берілген... Әрине, бұл құжаттардың қаншалықты рас екенін білмеймін. Оны құзырлы органдар тексерсін", — деп жазды Өмір Шыныбекұлы.

facebook.com/omir.shynybekulyfacebook.com/omir.shynybekuly
facebook.com/omir.shynybekuly

Бұл жазбаны оқыған желі қолданушылары жәрдемақы мен сыйақы көлемі тым көптігін айтып, наразылығын білдірді.

"Пәленшеевке премия деп жазып, қолма-қол басқаға апарып беретін шығар?", "Отбасында бала туылса, оған мемлекеттен сүйінші пұл бар... Бірінші басы өзі білгендіктен осылай жасап отыр", "Премия тұрмақ материалды көмек бермейді. Не деген ақша? Қайдан шыққан ақша?", "Мәссаған! Түркістан облысында кейбір мектеп директорлары өздерін Құдайдай сезінеді", "Әй" дейтін қожа жоқ болған соң білгенін істеп болды ғой", — деп жазды желі қолданушылары.

Экспресс К тілшісі педагог жазбасында атап өткен шенеуніктің өзінен мән-жайды сұрап білді. Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ержан Қадырбек желіде тарап кеткен ақпаратты растады. Алайда барлығы заң аясында төленді деп сендіріп отыр.

"Әйелім бесінші перзентімізді дүниеге әкелгенде мен екі айлық жалақы көлемінде материалдық көмек алу үшін басқармаға өтініш жазғанмын. Бір айлық жалақым — 188 мың теңге. Басқарманың бұйрығы шықты. Соған сәйкес көмекті алдым. Материалдық көмек заң талаптарына сай төленді", — деді ауданның бас ұстазы.

Ал ұстаздарға төленген сыйақы жыл соңында үнемделген қаржы есебінен беріліпті.

"Сыйақы 2020 жылдың желтоқсан айында берілген. Ол жыл соңында үнемделген қаржы есебінен аударылған. Әр мектептің кәсіподағы бар. Сыйақыны кімдер алатынын сол кәсіподақ шешкен, соған сәйкес мектеп басшыларының бұйрықтары шыққан. Ешкімді бөле-жару болған жоқ. Сыйақы алғандардың барлығына бірдей 250 мың теңгеден бөлінген. Оның ішінде мемлекетке ұсталған салықтары бар", — деді шенеунік.

Ауданның бас ұстазы егер қандай да бір педагог өзіне аударылған төлемақы күмән туғызса, адами әлеуетті дамыту бөліміне кез келген уақытта келіп, қайта есептете алады деп отыр. Ол үшін есігіміз әрқашан ашық деген ол бөлім есепшісі барлығын бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп беруге дайын дейді.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров