"Пошел на х*й, мал!" Атышулы аудионы жазып алған майор өз нұсқасын айтты

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Мақсат Макханов / Мөлдір Бекеева / Видеодан кадр / facebook.com/moldyr.bekeeva

Шымкент қалалық Полиция департаменті баспасөз хатшысының суицид оқиғасынан кейін бұл шудың шығуына себеп болған аудиожазбаны жазып алған майор өз нұсқасын мәлімдеді. Аталған аудиода былапыт сөздер қарша бораған еді.

Бұған дейін аталған ведомствоның баспасөз қызметінде жұмыс істеген Мақсат Макханов енді адвокат көмегіне жүгініпті. Өзіне жала жабылғанын айтқан ол енді Мемлекет басшысынан араша сұрайды, деп хабарлайды Экспресс К.

Департаменттің баспасөз хатшысы бұған дейін суицид жасауға не түрткі болғанын және оған кімдерді кінәлайтынын Facebook-тегі парақшасында жазған болатын.

Өмірімен қош айтыспақ болған баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева Мақсат есімді қызметкері өзін балағаттап, тіпті тікелей басшысы, полиция генералы Ералы Жұмаханбетовтің (сол кездегі Полиция департаментінің бастығы: автор) "нақсүйерісің", "ж*лебісің" деп намысына тиетін сөздер айтқанын мәлімдеген еді. Ал шулы аудиожазбаның кибербуллинг екенін айтқан. Мөлдір Бекеева аудио арнайы техникалық өңдеуден өткізіліп, монтаждалып, өзін "құбыжық" етіп көрсетілгенін жазды.

Полиция майоры Мақсат Макханов аталған аудиожазбаны өзі басып алғанын растап отыр. Ол кезде департаменттің баспасөз қызметінде еңбек етіп жүрген. Бүгінде ведомствоның жедел басқару орталығында қызмет етеді. "Экс-басшым тарапынан жала жабылып отыр" деген ол енді өз құқығын қорғауды көздеп отыр. Ол үшін жергілікті адвокат Талғат Есімовтің көмегіне жүгініпті. Бұл туралы ол адвокаттың Instagram-дағы тікелей эфирі кезінде айтты. Оның бұл қадамына баспасөз хатшысының Facebook-тегі жазбасы түрткі болыпты.

Майордың айтуынша, ол 2021 жылдың 1 қазанында баспасөз қызметіне жұмысқа ауыстырылған. Ал өзі жазып алған аудиожазба ешқандай монтаж емес деп отыр. Өйткені сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде фоноскопиялық сараптама арқылы ондағы дауыс баспасөз хатшысына тиісті делінген қорытынды шығарылыпты.

"Менің міндетімнің шығармашылық жұмыспен ешқандай қатысы жоқ. Мөлдір Бекеева соны біле тұра мені қорлап, Қазақстан азаматы, офицер, ер азамат ретіндегі ар намысыма нұқсан келтіріп, жаңалық, мақала жазуға мәжбүрлеген болатын. Аудиожазбаны барлықтарыңыз естіген боларсыздар?! Ол ешқандай монтаждалмаған. Басшым мемлекеттік қызметкер бола тұра маған бірнеше балағат сөздер айтқан. Оның барлығы жазбада бар", — деді майор тікелей эфир кезінде.

Мақсат Макханов денсаулығына байланысты демалысқа шыққан кезде де басшысы тыныштық бермепті. Осылайша ол моральдық дағдарысқа ұшыраған.

"Сол кезде мен денсаулығымның нашарлауына байланысты еңбекке жарамсыз парағын аштырып, демалыста болдым. Сол кезде де маған бірнеше рет қоңырау шалып, әртүрлі қоқаң-лоққы көрсетілді. Соның салдарынан мен моральдық дағдарысқа түсіп, қызметтен өз еркіммен кетуге мәжбүр болдым. Алайда қаңтар оқиғасы кезінде антыма адал азамат ретінде қызметімді жалғастыруды жөн көрдім. Мөлдір Бекеева БАҚ-та полицияның мүддесін қорғайтын қоғамдық тұлға бола тұра әріптестері және аға-буын өкілдерімен қарым-қатынаста асқан дөрекілік пен қателікке жол беретінін атап өткім келеді. Осылайша ол күнделікті қызмет барысында "жұмыстан шығарып жіберемін", "құртып жіберемін" деп қорқытқаннан кейін аудиожазбаны өзімді қорғау мақсатында жазып алуға тура келді. Бірақ оны әлеуметтік желіде жариялаған мен емес", — дейді майор.

Осылай деген ол Президенттен араша сұрайтынын айтты.

"Болған жайт бойынша анық-қанығы анықталып, жауапкершілігін қарау керек деп сұраймын. Кешегі жазбасында аудиожазбаға дейін айтылған сөздер деп жазыпты. Ол өтірік, ондай болмаған. Мен ондай адам емеспін. Маған жала жауып тұр ол жерде", — дейді ол.

Адвокат Талғат Есімов полицейге заңды көмек беруге дайын екенін айтады. Полиция майоры енді ар-намысым мен қадір-қасиетіме нұқсан келтірді деп тиісті органдарға шағым түсіруге бекініп отыр екен.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде суицид жасаған экс-қызметкердің дауысына ұқсас аудиожазба тарады. Онда баспасөз қызметінің жетекшісі делінген азаматшаның қызметкерлеріне былапыт сөздерді жаудырып, сөгіп жатқанын естуге болады. Кейін Баспасөз хатшысы аудиожазбаға қатысты түсініктеме берді. Ал қалалық Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасындағылар қызметтік тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Ал сәуір айының 5-інде Шымкент қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Бекеева жұмыстан кету туралы арыз жазған соң суицид жасап, өмірімен қоштаспақ болды. Ол мұндай қадамға баруына басшылықты кінәлап, ары қарай шыдай алмайтынын айтып жазған соңғы хатын Facebook-тегі парақшасында жариялады.

Хатта өзінің үстінен қылмыстық істің қозғалғанын атап өткен. Бұл іс әлеуметтік желіде пайда болған шулы аудиожазбадан соң қозғалған.

Көп мөлшерде дәрі ішкен баспасөз хатшысы ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, комада жатты.

Артынан Полиция департаментіндегілер баспасөз хатшысының ресми түрде жұмыстан кетпегенін мәлімдеді. Ал суицид оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабымен (Өз-өзіне қол салу) іс тіркелді. Көп ұзамай Мөлдір Бекееваның үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылып, ал суицид оқиғасына қатысты тіркелген іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне өтті. Кейінірек өз-өзіне қол салу оқиғасынан кейін Полиция департаменті қызметкерлерінің үстінен іс қозғалғаны белгілі болды. Күні кеше Мөлдір Бекеева өзінің қазіргі жағдайы қалай екенін айтты. Енді ол өзінің ғана емес, жақындарының да өмірі үшін алаңдап отырғанын мәлімдеді.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров