Зорлық

Шымкентте жас жігіт жүкті келіншекті лифтіде зорламақ болды

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Видеодан кадр

Оқиға бүгін таңғы сағат 9-дар шамасында Нұрсәт ықшамауданында болған. Белгісіз жігіт әйелге күш қолданған.

Көпті шошытқан оқиғаның видеосы бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Экспресс К.

Онда белгісіз жас жігіттің келіншекті соңынан аңдып, подъезге бірге кіргенін көруге болады. Кейін оның артынша лифтіге көтерілген. Сәбиі балалар арбасында жатқан келіншек еш алаңсыз тұрады. Кенеттен жас жігіт оны мойнынан қылқындырып, аузын күшпен жабады.

Жүкті келіншектің көршісі Ақмарал Молдиярқызының айтуынша, жәбірленуші баласы үшін тиіспеуін өтініп сұрағанымен, жас жігіт тоқтамаған. Дауысын шығармауға әрекет жасап, үсті-басынан сипап, іліп-алар зат іздепті. Осы сәтте лифт кенеттен ашылып, аяғы ауыр келіншек қашып үлгерген. Келіншектің жан ұшыра айқайлаған дауысын көршілері естіп, көмекке келем дегенше жас жігіт ізін суытқан.

"Келіншек бұл оқиғаға байланысты шағым түсірді. Алайда жүкті әйелдің психологиялық ахуалына ешкім көңіл бөлмеген. Сараптама алынбаған. Қорқыныштан есін жия алмай, үйде жалғыз қалуға да, аулаға шығуға да шошып қалған. "Қайтып келсе не істеймін?" деп зәре-құты қалмай отырған онымен неге психологтар жұмыс істеп жатқан жоқ? Қорқыныштан түсік тастаса кім жауапты?", — деді келіншектің көршісі.

Ақмарал Молдиярқызы қазір ауладағы бүкіл көршілер шулап, өзінің және балаларының өмірі үшін алаңдап отырғанын айтты. Өйткені мұндай оқиға тағы да қайталануы бек мүмкін. Енді тұрғындар бейнебақылау камерасы жоқ аумақтарға құрылғы орнату керек деп жатыр екен. Бұл аулада бұған дейін де тыныштық жоқ көрінеді. Полицейлерге қанша шағым түсіргенімен, нәтиже шықпай отыр екен. Ашынған тұрғындар қажет болса, тұрғын үйді қоршап алуға әзір екендіктерін айтады.

Белгілі болғандай, жүкті келіншектің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.

"25 мамыр күні "102" қызметіне жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз азамат өзінің еркінен тыс жыныстық қатынасқа түсірмекші болып қысым көрсеткені бойынша хабарлаған. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 24-120 бабы "Зорлауға оқталу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің тұлғасын және жүрген жерін анықтау жұмыстары жүргізілуде", — деді Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер.

Аталған оқиғаны Шымкенттің бас полицейі өз бақылауына алып отыр.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров