Депутаттар

Балабақшаға аяқ киімін шешпей кірген депутаттар сынға қалды

Ержан ШАЙЖАН

facebook

Ақтөбе облысына іссапармен барған Сенат депутаттары сынның астында қалды. Өйткені олар балабақшаға аяқ киімдерін шешпей кірген.

Депутаттар бірқатар елді мекенді аралап, халықпен кездесті, деп хабарлайды Экспресс К.

Шенеуніктердің балабақшаға аяқ киіммен кірген суретін журналист Аслан Қажен өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады. Онда Парламент Сенатының депутаттары Мұхтар Жұмағазиев пен Бауыржан Қаниевтің бүлдіршіндермен кездескенін байқауға болады. Олар балалар ойнайтын кілемнің үстіне аяқ киімдерімен шығып кеткен.

"Ана кілем төселген жерде балалар отырып ойнайды. Балабақшада оны сол үшін жаяды. Таза және жұмсақ болсын деп. Үшіншіден, осындай кездесудің қажеті қанша? Балалар саяси нәрселерді қақпайтыны анық. Ал мекеме ұжымы "қонақ" келеді деп бірнеше күн бойы дайындалады. Әсіресе, тәрбиешілер негізгі жұмысын сырып тастап, осымен ғана шапқылап жүреді", — деп жазды Аслан Қажен.

Халық қалаулыларының бұл әрекетіне сыни пікір жазып жатқандар көп.

"Cуретке қарап отырсаң, облыс тұрғындарымен емес, балабақшадағы бүлдіршіндермен кездесуге барған сияқты. Балалар жылында бүлдіршіндерден ақыл-кеңес сұрауға барған шығар", "Шұлығы жыртық шығар, ұялып шешпейді", "Саналарының жеткені сол болған ғой… Ең құрығанда аяқ киімдерін шешуге болады ғой", "Біздің депутаттар, министрлер проблемасы бар жерге келмейді. Олар сол, жаңадан салынған мектеп, балабақшаларды жағалап жүреді, тап өзі салып бергендей", — деп жазды желі қолданушылары.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров