Шавкат Рахмонов

"Уақыты келер". Рахмонов Чимаевты не үшін жекпе-жекке шақырмағанын түсіндірді

Дос ҚҰРМАШҰЛЫ

instagram.com/khamzat_chimaev / instagram.com/shavkatrakhmonov94

UFC-дің жартылай орта салмақтағы жеңіліп көрмеген мықтысы – қазақстандық Шавкат Рахмонов күні кеше америкалық Нил Мэгниді екінші раундта қылқындыру әдісімен жеңген еді.

Үздік ондықтың тізіміне енген қарсыласын жеңген соң Sports24 ютуб-арнасына алдағы жоспарлары туралы сұқбат берді, деп хабарлайды Экспресс К.

Ол сұқбатында "шектен тыс мақталып жүрген қазақ" деп пікір айтқан көпшіліктің алдында өзінің деңгейін дәлелдей алғанын айтты.

"Әрине, жақсы қарсылас болды. Дивизиондағы мықтылардың бірі. Бірақ мен таңғалатын ештеңе болған жоқ. Барымды салып дайындалдым. Өз жұмысымды мінсіз істедім. Деңгейімді көрсеттім. Көбі сенбеп еді. Оған еш мүмкіндік бермей, сенімді түрде жеңгенімді көрдіңіздер ғой. Менің "құлыптауымнан" шығып кете де алмас еді. Жалпы, осы дивизионда бәріне үлкен қиындық тудыратын жауынгермін", — дейді Шавкат.

Ол бұдан соң келесі қарсыласы ретінде Стивен Томпсонды не үшін таңдағанын түсіндірді. Жасы қырыққа таяған UFC ардагерін әлдеқайда мықтырақ қарсылас деп есептейді. Ұсыныс қабылданса, жыл соңына дейін октагон бөлісуге ниетті. Ал жанкүйерлері тағатсыз күтіп жүрген Хамзат Чимаевты шақырмауының себебі мынада екен.

"Онымен кездесудің де уақыты келер. 1 немесе 2-ші жекпе-жектен соң жолымыз түйісер. Бәлкім, белбеу сарапқа салынар. Әзірге екеуіміздің жекпе-жегімізге дейтін қызығушылық қыза түссін. Ал ол жолымнан кетіп қалып жатса, екеуіміз үшін де жақсы болар еді", — дейді қазақстандық спортшы.

Айта кетейік, Шавкат соңғы айқасында белгіленген гонорарының сыртында 50 мың доллар бонус алды.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров