Данияр Шамшаев

Данияр Шамшаев дзюдодан Азия чемпионы атанды

Есен ҮРКІМБАЙ

ҚР ҰОК баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтанда дзюдодан өтіп жатқан Азия чемпионатында Данияр Шамшаев чемпион атанды, деп хабарлайды Экспресс К

Астанамыздағы Азия чемпионатында Қазақстан дзюдошылары алғашқы алтын медальға қол жеткізді. Жарыстың екінші күнінде 73 келіде күрескен Данияр Шамшаев үздік атанды.

Отандасымыз сары құрлық біріншілігінде төрт белдесу өткізіп, барлығында басым түсті. Шамшаев алғашқы кездесуінде үнді балуанынан жеңсе, екінші айналымда Тәжікстан дзюдошысы Бехрузи Хожазоданы ұтты. Ширек финалда қырғызстандық Шыңғысхан Бекназаровпен белдесуде басымдық танытса, финалда өзбек спортшысы Муроджон Юлдашевті сан соқтырды.

Өкінішке қарай, осы салмақта күрескен тағы бір балуанымыз Ерлан Серікжанов чемпионатты алғашқы айналымнан аяқтады. Қазақстан құрамасының 73 келідегі басты фавориті Жансай Смағұлов жарақатына байланысты бұл чемпионатқа қатысқан жоқ.

Қазақстан балуандары жарыстың бірінші күнінде 1 күміс, 2 қола медаль иеленген еді. Әйелдер арасында 48 келі салмақта финалға шыққан Абиба Әбужақынова шешуші сәтте жапон спортшысына жол берді.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров