Қыз зорлау

"Бір түнде үш рет зорлады" деген қызды алып қашқан жігіт бар шындықты айтты

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

© Shutterstock

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы Шақпақ ауылына алып қашқан қызға қатысты жаңа дерек шықты. Ол қыз, жігітпен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Экспресс К бұған дейін 24 жастағы шымкенттік бойжеткеннің анасы "Не молчи" қорынан көмек сұраған жазбасын жариялаған болатын. Осы мақаладан соң редакцияға жігіттің туыстары хабарласты. 

34 жастағы жігіттің қарындасы бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат екенін айтты. Осыдан соң Экспресс К тілшісі бойжеткенді алып қаштым деген жігіттің өзімен сұхбаттасты.

Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген жігіттің айтуынша, бойжеткенмен "ВКонтакте" желісі арқылы танысқан. 3-4 ай шамасында қыз бен жігіт болып кездесіп жүріпті. Осы аралықта қыз жігіттің ауыл жағына барып, табиғат аясында демалып қайтқан екен.

Қыз бен жігіттің табиғат аясында демалған сәтіҚыз бен жігіттің табиғат аясында демалған сәті
Қыз бен жігіттің табиғат аясында демалған сәті

Кейін екі жас бір-бірін ұнатып, шаңырақ көтеруге бел буған көрінеді. Тіпті екі жақтың ата-аналары мен туыстары кездесіп, "тәтті шай" өтіпті. Жігіттің сөзінше, сол кезде қыздың ата-анасы екі жасқа баталарын берген. Алайда үйлеріне жөндеу жұмысы болып жатқан соң, ұзату күні нақты белгіленбепті. Бірақ бойжеткен өзі шешім қабылдап, жігіттің алып қашуына қарсы болмаған екен.

Жігіттің айтуынша, бұл "тәтті шай" рәсімінде түсірілген фотоЖігіттің айтуынша, бұл "тәтті шай" рәсімінде түсірілген фото
Жігіттің айтуынша, бұл "тәтті шай" рәсімінде түсірілген фото

"Қыздың өзі жасы 18-ден асқанын, шешімді өзі қабылдай алатынын айтып, алып қашуға рұқсатын берді. Алып қашатын күні (28 мамыр) біз екеуміз бизнес тренингке бірге бардық. Содан шығып Шымкенттегі базардан 2-3 халат пен орамалын, алтынын алдық. Кейін ауылға қарай жолға шықтық. Қызылкөпірде (тәтті балығымен танымал Бәйдібек ауданындағы елдімекен: автор) тоқтап, сонда кафеде отырдық. Он шақты достарым жұбайларымен бірге болды. Содан түнгі уақытта ауылға жол тарттық", — дейді ол.

Бұл кезде жігіттің туған-туысы келінді дайындықпен күтіп отырған. Келін түскен түні қыздың үйіне хабаршы да жіберіпті.

Қыздың келін боп түскен сәтіҚыздың келін боп түскен сәті
Қыздың келін боп түскен сәті

"Кешірім ретінде хабаршылар қалыңмалына 1,5 миллион теңгені алып, қыздың үйіне барды. Тура сол күні үйдің үлкені, қыздың атасы ауылдан келген екен. Олар хабаршыларды күтіп алып шығарып салған. Ертеңіне, 29 мамыр күні таңертең қуғыншылар келді. Қыздың өзімен жеке сөйлесті. Ол өз еркімен келгенін айттты. Біз беташарды түскі сағат 3-ке белгілегенбіз. Қуғыншылар беташарға кедергі болмайық деп кетіп қалды. Қуғыншылардың келген кезі, беташар, барлығының видеосы бар", — дейді жігіт.

"Қолыма ақ құсымды қондырдым" деп қуанған жігіт беташар күні мұсылманша неке қидырған. Алайда ертеңіне қыздың анасы қайта-қайта қоңырау шалды деп отыр.

"Қайта-қайта хабарласып, анасы тыныштық бермеді. 30 мамыр күні түнгі сағат 11-12 шамасында ата-анасы, өзге де туыстары келіп алып кетті. Нақты себебін түсінбедік. Негізі мен ол қызбен кездесіп жүргенде ары таза екенін айтқан болатын. Алайда олай болмай шықты. Бірақ мен оған "қыз емессің, кет" дегенім жоқ. Бастысы, бақытты болсақ деген ой болды. Өйткені өзім де бұған дейін ажырасқанмын. Бұрынғы әйеліммен 11 жылдай бірге тұрып, бала болмаған соң ажырастық. Қыздың анасы сол туралы айта бастады", — деді ол.

Беташар рәсіміБеташар рәсімі
Беташар рәсімі

Жігіт қалыңдығына өткен өмірі туралы танысқан сәттен-ақ бар шындықты айтып берген. Тәтті шайда қыздың ата-анасы, туыстары да бұдан хабардар болыпты.

Ата-анасы алып кеткен бойжеткен арада 10 күндей өткен соң жігітке әлеуметтік желіде хат жазып, талақ беруін сұранған көрінеді. Ал "қалыңмалды өзіміз апарып бердік" деген қыздың анасының сөзі шындыққа жанаспайды, — дейді.

"Қуғыншыларды жібергенімізде қалыңмалды алып қалған. Бірақ қызды алып кеткен соң сол күні түнде біз олармен бірге Шымкенттегі үйіне барып, қалыңмалды қайтарып алдық. Ол (24 жастағы бойжеткен: автор) "Осынша туыстарыңыздың алдында абыройыңызды төгіп, ұятқа қалдырдым, маған ренжімеңіз" деп өзімнен кешірім сұраған. Сосын "Мұсылманша неке қидырдық, талақ бересіз бе?" деп өзі жазды. Шымкентте жолығып, мұсылманша екіге айырылыстық. Оның барлық жазбасын сақтап қойғанмын. Қызды алып кеткен соң анасы маған қайта-қайта жазып, тыныштық бермеді. Оның жазғандарын айтып отырудың өзі ұяты. Аузым бармайды. Қыздың өзі бұдан хабардар, "жауап бермей-ақ қойыңызшы, ашуы басылар" деп айтқаны бар", — деді ол.

Беташар рәсімінен кейінгі екі жасБеташар рәсімінен кейінгі екі жас
Беташар рәсімінен кейінгі екі жас

34 жастағы жігіт қыздың анасының "Не молчи" қорына шағымданғанын БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттардан оқыпты. Ал үстінен арыз түскенінен, ол іс тоқтатылғанынан мүлдем хабарсыз екен.

"Әлеуметтік желілерде шыққан ақпаратты оқып, анасының мінезін білетіндіктен үндемей қоя саламын деп ойлағанмын. Бірақ бүкіл ауыл естіп, шулап жатыр. Мен де шындықты айтуым керек деп шештім. Маған полициядан ешкім хабарласқан жоқ. Меніңше, ондағылар да мән-жайды біліп отыр. Қызға талақ беретін кезде ол анасы мәжбүрлеп полицияға арыз жаздырғанын айтты. Енді оны да түсінемін, анасынан ары асып түсе алмайды. Екі адвокат жалдадық деп айтты. Олардың да ешқайсысы хабарласқан жоқ", — деді жігіт.

Шаңырақ көтеремін деп туыстарының алдында ұятқа қалған жігіт қыздың анасы мұндай мәлімдемелер арқылы өзін қаралағысы келді деп отыр. Бойжеткенмен алмасқан SMS-хаттар мен фото-видеолардың бәрі сақтаулы екенін айтты.

"Қызға тағар ешқандай айыбым жоқ" дейді ол. Бірақ анасы тағы да өзін қаралайтын мәлімдемелер жасайтын болса, құзырлы органдарға шағымдануға тура келеді деп отыр.

Экспресс К бұған дейін шымкенттік тұрғынның жанайқайы туралы жазды. Онда 24 жастағы бойжеткеннің анасы қызын әлеуметтік желіде танысқан жігіт еркінен тыс алып қашып, күш қолданып, зорлағаны туралы мәлімдеген болатын.

Полиция департаментіндегілер қыздың арызы Қылмыстық кодекстің 126-бабы (бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша тіркелгенін растады. Бірақ қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс тоқтатылған.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров