Ауыл шаруашылығы

Жамбылдық шенеуніктер мен инвестор ірі қожалықтың акциясын бөлісе алмай жатыр

Нұржан МЕРГЕНБАЙ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бір-бірімен келісе алмаған қос тарап енді соттан әділдік іздеуде, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл дау 2016 жылы басталған. "Агростан" компаниясы "Тараз" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан "Меркі асыл тұқымды мал зауытының" 5 мың акциясын сатып алған. Меркі ауданының Ақермен ауылында орналасқан бұл зауыт кеңес заманынан бері ірі қара және қой өсірумен айналысады. Серіктестік акциялардың бір бөлігі үшін 30 миллион теңгедей ақша төлеп, қалған соманы кезең-кезеңімен береміз деп уәделескен екен. Алайда енді "Тараз" ӘКК сотқа жүгініп, акцияларды қайтаруды талап етуде. Оған қоса "Агростан" компаниясынан 112 миллион теңге көлемінде айыппұл өндіріп алмақшы екен.

Біз келгенде бұл қожалық шығынға батып, әрең күн көріп отырған. Қарыздан құтылып, жұмысты жүргізіп, енді табысты бола бастаған сәтте "Тараз" ӘКК" сотқа берді. Осы кезге дейін 200 млн-дай инвестиция құйдық. Әлі де жоспар көп,

— дейді "Агростан" компаниясының өкілдері.

"Тараз" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері сот аяқталмайынша бұл іске қатысты қандай да бір ақпарат бере алмаймыз деп отыр. Сондықтан соттың шешімі шыққан соң ғана ресми көзқарастарын білдірмек. Сот демекші, осы аптада "Агростан" компаниясының шағымы бойынша апелляциялық сот отырысы болуы керек еді. Алайда ол кейінге қалдырылыпты.

Іс апелляциялық сот алқасында қаралуда. Сот актісі заңды күшіне енбеген, яғни сот алқасында қаралу барысында болғандықтан қандай да бір ақпарат бере алмаймыз,

— дейді Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі.

Асыл тұқымды мал зауыты төңірегіндегі тағы бір сот Алматы қаласында басталыпты. Компания өкілдері "Тараз" ӘКК -нан екі жақты келісімдерді толықтай орындауды талап етіп, шағым түсірген. Әзірге қос қалада болып жатқан сот отырыстарының қайсысында бірінші болып шешім шығары белгісіз боп тұр.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров