Мұрат Телібеков

Мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібеков әйелін ұрып-соқты деп айыпталуда

Дос ҚҰРМАШҰЛЫ

Мұрат Телібеков / Екатерина Чеканова

Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі, Мұсылмандар одағы делінетін ұйымның жетекшісі Мұрат Телібековтің тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны туралы мәлімет пайда болды, деп хабарлайды Экспресс К.

Отбасының жақын танысы Елена Кимнің жаға ұстатарлық жазбасы Instagram-да жарияланды. Ол діндардың әйелі Екатерина Чеканованың басынан кешкен жағдайды баяндаған видеосын да көпшілікпен бөліскен.

"Мұрат Телібеков әйеліне күн бермей, үнемі ұрып-соғады. 13 тамызда өлімші етіп сабап тастаған. Екатерина маған сол күні қоңырау шалып, күйеуі тепкінің астына алғанын айтып үлгеріп, кейін байланыс үзіліп кетті. Мен бұл кезде отбасыммен мейрамханада отыр едім. Құрбым үшін алаңдап, қайтадан қоңырау соғып едім, телефоны сөндірулі болды. Мекен-жайын білгендіктен, анамды ертіп сонда бардым. Ол есікті өзі ашты. Оның жағдайын көріп, шошып кеттім, бетінің сау-тамтығы қалмаған", — деп жазады Елена Ким.

Ол жәбірленушінің 10 жасар қызы Наргиздің қатты шошып қалғанын көріп жаны ауырып кеткенін айтады. Еленаның анасы Мұрат Телібековке айқай салып, әйелі мен қызды еркіне жіберуін, өздерімен алып кетуді сұрапты. Сол-ақ екен, ашулы діндар көмекке келген екеуіне де жұдырық ала жүгірген.

"Мені ішімнен бар күшімен бір ұрды. Анама да бірнеше рет соққы жасады... Қазір ол Facebook-те бізге жала жауып, қаскүнемнен әйелін арашаламақ болып жанжалдасқан сәтіміздің видеосын жариялап жатыр. Анам екеумізді жөн-жосықсыз пәтерге кіріп келіп, өзіне қол жұмсағанын, ірі көлемде ақша ұрлап кеткенімізді айтып, айыптап жатыр. Тіпті, қызын ұрлап әкетіп, үйде қамап ұстап, психотроптық заттармен улағанымызды жазыпты", — дейді Елена.

Мұны Мұраттың әйелі де бейнежазбасында растап, Facebook-ке күйеуі жариялаған мәліметтің жалған екенін айтты.

"Күйеуім таратқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Оның маған қол көтеруді шығарғанына 2 жылдай уақыт болды. Соңғы рет ренжісіп қалғанымызда құрбым Еленадан көмек сұрап, үйіме шақыртқаным рас. Ондағы мақсатым қызымды оларға беріп жіберу еді. Өйткені Наргиз қатты үрейленіп, жылап жатты. Түн мезгілі болатын. Құрбымның не үшін келгенін білген күйеуім тағы да шу шығарды", — дейді діндардың әйелі.

Құрбысына көмектесуге барып, жапа шеккен Елена жүктіліктің 8 айлығында екенін, сыртынан жабылған жаланың кесірінен қазір күйзеліс күйінде жүргенін айтады.

Керек болса, оның әйелін таяқтың астына алғанын, бізге доқ көрсеткенін дәлелдейтін айғақтарым бар,

— деп отыр Елена Ким.

Ал Мұрат Телібеков болған жайды басқаша түсіндірді. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сөз қозғаған жоқ.

"Менің пәтеріме бөтен біреулер кіріп келіп, жан-жақтан қол жұмсай бастады. Жедел жәрдемге жүгінуіме тура келді. Үйімнен ірі сомада ақшам жоғалды. 10 жасар қызымды ұрлап әкеткілері келді. Қылмыскерлер ішімдік ішіп, есірткі тұтынған болуы керек. Олар мені қызымның көзінше ұрды. Балам ауыр психологиялық зақым алды", — дейді Мұсылмандар одағы аталатын ұйым жетекшісі.

Ол Әуезов ауданы ПБ қызметкерлері әділ тергеу жүргізіп, істің ақ-қарасын анықтап береріне сенімді.

Бұған дейін белгілі имам әйелді ұру оңбағанның ісі екенін айтқан еді.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров