Шоу-бизнес

Бриллианттан қымбат тонға дейін... Жұлдыздар мәһірге не сұрағанын айтты

Ержан ШАЙЖАН

Шахизада, Мәдина, Аша Матай және Мөлдір / instagram

Мәһір мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Экспресс К осыған орай өнер жұлдыздарына хабарласып, күйеулерінен қандай сыйлық сұрағанын біліп көрді.

ЕСКЕРТУ: Материалды редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады!

2014 жылы шаңырақ көтерген Мәдина Сәдуақасова мен Олжас Смағұлов бүгінде үлгілі отбасылардың бірі. Ортақ некелерінен Әнуар есімді ұлдары бар. Ерлі-зайыптылардың тойы қыста болған екен. Мәдина мәһірге ауа-райына байланысты тон сұрағанын айтады.

Мәдина мен ОлжасМәдина мен Олжас
Мәдина мен Олжас

"Біз қыста үйлендік, некемізді мешітте қидырдық. Мен сол кезде күйеуіме айтқан болатынмын "мен жаураймын, маған тон алып бер" деп. Содан Олжас некеден кейін мәһірге сұраған аппақ тонымды алып берді. Қыстық киімді мен өзім таңдадым, нақты қаншаға сатып алғанымыз есімде жоқ. Мешітке барғанда Олжастың қалтасына салмақ түсіретіндей ешнәрсе айтқан жоқпын. Қазіргі жастарға қарасақ қызық, "көлік алып бер" деп тіпті маркасын да айтып жатады. Менің ойымша, қалыңдық мәһірге не қалайтынын міндетті түрде айтуы керек, бірақ жігіттің материалдық жағдайына да мән бергені дұрыс", — деді Мәдина Сәдуақасова.

Тоқтар Серіковтің жары Бейбіт Сейдуалиева төрт баланың анасы. Қазақ эстрадасында өз қолтаңбасы бар әншілер 2007 жылы шаңырақ көтерген. Әнші неке қидыру рәсімінде Тоқтардан алтын сақина сұрапты.

Тоқтар мен БейбітТоқтар мен Бейбіт
Тоқтар мен Бейбіт

"Мәһір — шариғатта бар дүние. Неғұрлым жарыңның жағдайына ыңғайланып сұрасаң оның сауабы да мол болады. Құран, жайнамаз сұрасаң о дүниеде оның пайдасы зор. Тоқтарға тұрмысқа шыққанда мәһірге аса бір мән бермеппін. Өз басым дүниеге қатты қызықпайтын адаммын. Мешітте некемізді қидырып, имам сұрағанда сасқанымнан "алтын сақина" дей салыппын. Бір жылдан кейін үйленген күніміз күні Тоқтар гүлімен, тортымен келіп тұр. Сол кезде "Мынау мәһірің" деп бриллиант сақина мен сырға тақты. Әр әйелдің өз арманы, қалауындағы заты болады ғой. Бірақ мәһірге қымбат көлік немесе жігіттің қалтасы көтермейтін зат сұрауды мен өз басым қолдамаймын. Шектен шықпау керек! Ер азаматтың қалтасы көтеріп, жағдайы келіп тұрса, қалаған дүниеңді сұрамай-ақ алып береді", — деді Бейбіт Сейдуалиева.

Ал танымал әзілкеш, "Әзіл әлемі" театрының директоры Тұрсынбек Қабатовтың жары Мөлдір Мұқанова мәһірге ешнәрсе сұрамапты. Оның айтуынша, олар үйленген кезде Тұрсынбектің бағалы сыйлық алуға материалдық жағдайы жар бермеген. Мөлдір мәселе мәһірде емес, махаббаттың беріктігінде дейді.

Тұрсынбек пен МөлдірТұрсынбек пен Мөлдір
Тұрсынбек пен Мөлдір

"Біріншіден мен мәһірге ешнәрсе сұраған жоқпын. Екіншіден, бізде қалыңмал, ананың ақ сүті деген дүниелер болған жоқ. Бізде таза махаббат, Тұрсынбек екеуміз қосылғанымызға мәз болып жүре бердік. Мәһір дегеннің бар екенін білдік, бірақ бір-бірімізді олай қинаған жоқпыз. Мен күйеуімді қашанда қинамауға тырысамын. Біз үйленгенде Тұрсынбек Қабатов деген қазіргідей дүркіреп тұрған жоқ. Жоқ уақытта қосылдық, барлығы қарапайым түрде болды. Тіпті үйлену тойымызға автобуста орын болмай, ауылға саудагерлердің картоп, пияз салатын қаптарына отырып барғанбыз. Сондай жағдайда қайдағы мәһір, қайдағы қалың мал?! Оған мен ешқашан ренжіген емеспін. Мәһірге кей қыздар қымбат көлік немесе басқа да бағалы заттар сұрап жатады. Ол нәрсе дұрыс емес. Өйткені тұрмысқа шықса өзі үшін, ұрпағым болсын, ана атанайын деп шықты. Отбасы болғаннан кейін табыс та ортақ, ақша да ортақ. Сондықтан ешкім ешкімге міндетті емес. Ең бастысы екі жас бақытты болса болды", — деді Мөлдір Мұқанова.

Мәһірге қымбат дүние сұраған әншілердің бірі — Шахизада. Ол күйеуінен бриллиант топтамасын алып беруді қалапты. Әнші отбасын құрғысы келетін қыздарға өз кеңесін айтты.

ШахизадаШахизада
Шахизада

"Мен мәһірге есте қалатындай бриллиант жүзік пен сырға сұрадым. Күйеуім қалауымды алып берді. Біріншіден ерлі-зайыптылардың ортасында адал сезім, махаббат болуы керек. Дүние үшін күйеуге шығып қажет емес. Дүние бүгін бар, ертең жоқ. Егер қыз барған жерін бақытты етемін, өзім де бақытқа бөленемін деген арманмен шықса, Құдай міндетті түрде ол отбасыны жарылқайды, ырзық-несібесін үйіп-төгіп береді. Мәһірге көлік сұрағаны үшін некесін қидырмай, қалыңдықты мешітте тастап кеткен еркектер де бар. Сондықтан әйелдерге, қыздарға шатаспаңыздар деп айтқым келеді. Күйеуге дүние үшін шығу дұрыс емес", — деді Шахизада.

Ал Аша Матай күйеуі Арманнан мәһірге көйлек сұраған.

Арман мен АшаАрман мен Аша
Арман мен Аша

"Арманнан мәһірге көйлек сұрадым. Өзіме ұнаған, ойымда жүрген көйлекті сұрадым, оны алып берді. Менің ойымша, қыз бен жігіт отбасын құруды көздеген кезде алдын ала ақылдасып алғандары жөн. Өйткені отбасылық капитал бір болады және мәһірге жігіттің қалтасы көтеретін затты сұраған абзал. Қымбат дүние сұраймын деп жігітті шошытып алмау керек. Мен өзім өмірлік жарымды қатты әуреге салдым деп айта алмаймын. Барлығы қыздың санасына байланысты", — деді Аша Матай.

Экспресс К мәһірге қатысты бұған дейін бірнеше материал жазды.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров