Кәрім Мәсімов

Көздегендері Кәрім Мәсімов болды, бірақ түрмеге мені отырғызды – Анар Мешімбаева

Фархат ӘБІЛОВ

Кәрім Мәсімов / Анар Мешімбаева

Статистка агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева өзіне қатысты қылмыстық іске Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің қандай қатысы бар екенін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Ол "Сұрауы бар" Youtube-арнасына сұхбат берген. Бюджеттің жүздеген миллион теңгесін жымқырғаны үшін сотталған Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева өзінің саяси ойындардың құрбаны болғанын айтады.

Экс-шенеунік жүргізушінің "Менің ісім бойынша тергеушілердің негізгі көздегені сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов болды депсіз. Расымен солай ма?" деген сұрағына жауап берді.

Солай деп ойлаймын. Менің екі орынбасарым қамауға алынды. Олардың басына қап кигізіп, маған және Премьер-министрге қарсы куәлік беріңдер деп талап етті,

— дейді Анар Мешімбаева.

Ол Статистика агенттігін 2007-2009 жылдар аралығында басқарды. Ал 2013 жылы оған 2009 жылы өткен халық санағына бөлінген 700 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлады деген айып тағылды. Алайда ол кінәсін мойындаған жоқ.

Тендерді ұтып алған компания салық төлемей қолма-қол ақшаны шешіп алған. Экс-шенеуніктің айтуынша, Қаржы полициясындағылар сол ақшаны олар Мешімбаева мен Премьер-министрге пара ретінде берді деп ойлаған. Ол кезде Президентке жақын жүрген Мәсімовті алыстату үшін осылай жасалған көрінеді.

Билікте үнемі кімнің командасы билікке келеді деген күрес болып жатады ғой. Кәрім Мәсімов ол кезде тек қана Премьер-министр емес, Президенттің көмекшісімін деп айтып жүретін. Осылай өте жақын болған соң, оны алыстату үшін жасалды,

— дейді Анар Мешімбаева.

Бес жыл түрмеде отырып рақымшылықпен шыққан экс-төраға қолдан жасалған іс бойынша толық ақталуды талап етемін дейді. Алайда "Мәсімовті көздеп, Мешімбаеваны түрмеге отырғызуға кім бұйрық берді?" деген сұрақ туындайтыны хақ.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров