ОСК

ОСК президенттікке кандидаттардың азаматтығын тексереді

Экспресс К

© Орталық сайлау комиссиясы

Бүгін елімізде президенттікке кандидаттарды тіркеу шарасы басталды. Осыған орай өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында үміткерлердің сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексеруді ұйымдастыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды Экспресс К.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов президенттікке кандидаттарға Конституция мен "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңда көрсетілген негізгі талаптарды еске салды.

Атап айтқанда, заңда Қазақстан Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар республика азаматы сайлана алады.

Кандидаттың осы және өзге де талаптарға сәйкестігін анықтау үшін Орталық сайлау комиссиясы мемлекеттік органдарға — Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне, Әділет министрлігіне, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сауалдар жолдайды.

Отырыста аталған мемлекеттік органдардың өтініштерді қарау және өтініш түскен күннен бастап екі күнтізбелік күн ішінде Орталық сайлау комиссиясына ақпарат беру мерзімін белгілеу ұсынылды.

Кезектен тыс Президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді.

Кандидаттарды ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы 2022 жылғы 21 қазан сағат 18:00-де басталып, 18 қарашаға дейін жалғасады. 19 қараша — үнсіздік күні. Орталық сайлау комиссиясы 21-22 қараша аралығында сайлаудың алдын ала қорытындысын шығарады. 21-27 қараша аралығында нәтижелерді анықтау және сайланған президентті тіркеу жұмыстары жүргізіледі.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров