Қайырымдылық

Бетперделі қазақ жігіті тұрғындарға ақша үлестірді

Дос ҚҰРМАШҰЛЫ

Видеодан кадр

Бет-жүзін маскамен жасырып алған жігіт жұртшылыққа қайырымдылық жасап, алғысқа кенелді, деп хабарлайды Экспресс К.

Instagram-ға chelovekvmaskee атауымен тіркелген адам бұған дейін де тұрғындарды бірнеше рет қуантқан. Жұмбақ жанның мейірім мен қайырымға толы тағы бір видеосы пайда болды. Бейнежазбада қазақтың жас жігіті әлдебір дүкенге кіріп келіп, көп көлемде азық-түлік сатып алатынын, оны халыққа тегін таратуға ниетті екенін айтады. Одан әрі үлкенді-кішілі тұрғындарды мәз-мейрам етіп жатқанын көруге болады. Көшедегі сатушыларға да 10 мыңдап ақша үлестірді. Сондай-ақ, ол қоғамдық орындарды қоқыстан тазалауға да үлес қосқан.

Мен ерікті емеспін. Бар болғаны, мейірімді адаммын. Әлемді жақсылықпен өзгертуге тырысып жүрмін,

— жазды ол өз парақшасында.

Желідегі жұрт жомарт жүректі жігіттің бұл әрекетіне риза болысып, ақ тілектерін жаудырған.

"Екі дүниенің бақыты нәсіп болсын, бауырым!", "Қандай керемет өнегелі іс", "Осы баланың арқасында елімізге қаншама сауап жазылады", "Қайда жүрсең де аман бол, мейірімді жан!"

— деп жазды көпшілік.

Экспресс К жаңалықтарын Aitu-дағы арнамыздан да оқи аласыздар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров