Сібір таутекесі фотоға түсті

Express Qazaqstan

Бейнеден кадр

Жоңғар-Алатау ұлттық паркінінің аумағында тіршілік ететін Сібір таутекесі фото тұзаққа (фотоловушка) түсіп қалды.

Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің мамандары үнемі парк аумағына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, аң мен құсқа бақылау жүргізіп отырады. Фототұзақ құру арқылы Сібір таутекесінің таралу аймағын, жусап-өруін, жайылымдық өрістерін де қадағалайды.

Былтыр испекторлық құрам, жануарлар әлемін қорғау және санын көбейту, ғылым-ақпарат және мониторинг бөлімдері, филиалдарды, аңшылықтанушы-биологтар, филиалдың ғылыми қызметкерлері бірлесіп санақ жүргізген. Сібір таутекелерінің тұрақты жүретін маршруттарына фототұзақ құру арқылы жүргізген санақ қорытындысы бойынша саны 1596 бас болған.

Сібір таутекесі де қуысмүйізділер тұқымдасына жатады. Ашатұяқты жануардың текесінің денесі 140-170 сантиметрге дейін, салмағы 60-80 келі аралығында болады. Ешкілері кішірек келеді. Сібір тауткекесінің қыс мезгіліне қарай жон арқасында, мойнында, қапталында ақ түсті жолақ пайда болады. Текенің мүйізінің ұзындығы 140 сантиметрге жетеді. Жыл маусымына қарай таудың құзар басынан етектеп түсіп, қайтадан өрлеп, қонысын жиі өзгертіп отыратын өте сақ жануар.

"Жануарлар әлемін қорғау және санын көбейту ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің мамандары үнемі фототұзақ арқылы санақ жүргізіп, бақылап отырады. Құрылғанына он жылдың жүзі болған Жоңғар Алатауы мемлекеттік табиғи паркінің мамандары фототұзақты таудың құзар шыңдарына жақындатып та құрған. Бірақ оған қатынау күз-көктем мезгілі аралығында қиындық тудыратындықтан жазға салым камераларды қарайды. Негізі таудан етектеп түскен таутекелердің жастаулары фототұзақ нысанасына жиі ілінеді. Біздің паркте Сібір таутекесінің дене тұрқы ірілері де бар" дейді парктің бас аңшылықтанушы маман Бекзат Нүсіпов.

Бұл туралы видеоны ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева Facebook-те жариялады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров