Шекарада ши шықты. Көптоғайдағы дау неден басталды?

Express Qazaqstan

© Sputnik

Қазақстан-Ресей шекарасындағы Атырау облысы Көптоғай ауылының тұрғындары шекара сызығы ауысымен келіспей, оны заңсыз деп санайды. Бұл туралы tengrinews.kz сайты хабарлады.

Оқиға орнында жағдайды көзімен көрген тілшінің дерегінше, көптоғайлықтар шекара бекеттерін орнату бойынша жұмысты тоқтатуды талап етіп, Қазақстанның жері Ресей тарапына заңсыз берілгенін айтады. Ауыл белсенділері дәлел ретінде 1977 жылғы картаны көрсетіп, онда бұл аумақ Қазақстан жері ретінде сызылғанын алға тартады.

"Олар заң бұзып отыр. Ол жер де біздікі. Біз мұнда мал жайып, суаруға апаратынбыз. Енді не істеуіміз керек? Бәріміз наразылығымызды білдіру үшін осында шықтық. 1977 жылы жасалған карта бар, ол жақта бұл біздің жеріміз деп көрсетілген. Бәрі заңды болғанын қалаймыз",- дейді Көптоғай ауылының тұрғыны Думан Есенғалиев.

Дау Қиғаш өзенінің бойындағы қзындығы 1500 метр және ені 10-нан 70 метрге дейінгі учаскеге байланысты туындап отыр. Каналға су тек көктемде толып, жазда кеуіп қалады. Ондаған жыл бойы мұнда жергілікті тұрғындар мал бағып келген. Қазір мұнда тікенді темір қоршау бар.

ҚР ҰҚК шекара қызметі бұл жағдайға түсініктеме беріп, жұмыс екі ел арасында 2005 жылы болған келісімдерге сәйкес демаркация жұмыстары аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сол кезде нақты шекара белгіленген. Дәл сол кезде шекара тіректерін орнату кезінде қате жіберіліпті.

"2020 жылы Көптоғай елді мекеніндегі инженерлік жұмыстар жолағын нақтылау кезінде 23 және 24 шекаралық белгілердің арасындағы 1500 метр қоршау Ресей Федерациясының аумағына 70 метр тереңдікке орнатылғаны анықталды. Қол жеткізілген келісім бойынша жұмыс тобы қазіргі уақытта шекара белдеуі шегінде Қазақстан Республикасының аумағында жоғарыда аталған қорғаныс қоршауын демонтаждау және қайта орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр"- деді ҚР ҰҚК ШҚ тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің бастығы Ардақ Әмірғалиев.

Тұрғындар шуынан кейін шекараға қойылған қоршаулар қайта алынып тасталды. Әскерилер темір сымдарды жинап алып кеткен. Алайда, Қиғаш өзенін жағалаған жұрт бұл уақытша көзбояушылық екенін айтады. Ал, өзеннің негізгі арнасы бұрынғыдай Қазақстан аумағында қалу-қалмау мәселесі әзірге шешілген жоқ. Десе де шекарашылар инженерлік қоршау сызығын тұрғындардың ыңғайына қарай өзгертуге болады дейді. Ол үшін жергілікті әкімдік тұрғындармен бірлесіп, мемлекетаралық комиссияға арыз жазуы керек.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров