Осы қазақтардың жеті атасын білмей тұрып, біреудің руын сұрайтыны несі?

Express Qazaqstan

vk.com

Бұл тақырып көп кітабы шыққан ғалымдар ортасында да, диванда жатып талдаушылар арасында да бітпес дауға айналып кетеді. Өз басым таныса салып: «Руың кім?» деп сұрайтындарды жақтыра қоймаймын. Мұндайда мен «Дұрыс қазақ болайық!» деп қана жауап беремін.

Кей қазақтар өзінің қай руға жататынын кез-келген жерде білдіріп қалуға тырысады. Сөйлеген сөзіне қосады, автокөлігінің нөіміріне жазып қояды, тіпті бейджінде де тұрады. Әйтеуір, төлқұжаты мен анкетасында болмайды. Өйткені оларда "руы" деген баған жоқ. Сонда бұлар өз руының басқалардан басымдығын осылай көрсеткісі келе ме? Тым әсірелеп жібердің деймісіз? Жоқ-а. Мәселе басқада болып тұр. Өзінің жеті атасына дейінгі шежіресін екінің бірі біле бермейді. Ал рудың тарихы одан да тереңде ғой. Рұқсат етсеңіздер, Кіші жүздегі рудан тарайтын өз тармағымның шығу тегі туралы аңызды айтып берсем деймін. Айтқандай, мұны атақты Генри Баскервиль естісе, ызадан Баскервиль-холдан да, Девоншир графтығынан да, жалпы Англиядан біржола кетіп қалар еді. Енді "қазақтың аңызы аңыз-ақ, ал біздің Баскервильдердікі ортағасырлық иттер ғана!" деп іші күйеді де. Қалжың ғой.

...Біздің сарбаздар сырттан келген жаулармен күн-түн демей айқасып жүрген сол бір бағзы заманда кезекті шайқас болады. Ол таң атқаннан күн батқанға дейін созылған. Жау әскері (...) руындағы біздің тармақтан шыққан батыр басқарған қазақ әскерінен екі есе көп еді. Қазақтар соған қарамастан жауды жайпап салған. Қас қарая бастағанда, бір жақтан нәрестенің жылаған дауысы талып жетеді. Сол кезде батырды аты жаудың әйелі жатқан жыраның шетіне алып барады. Оның кеудесіне жебе қадалыпты. Ал жанында құндақтаулы бала жылап жатыр екен. Батыр нәрестені құндақтан шығаруды бұйырып: "Ұл болса, асырап аламын" депті. Сәби ұл боп шыққан. Батырдың ұлы ер жеткен кезінде асырап алған әкесінен аумай қалады. Сымбаты да, ақылы мен күші де соған ұқсайды. Оны көрші рудағы ақсүйек отбасының қызына үйлендіреді. Сұлу әйелі оған жеті бірдей ұл тауып береді. Кейін мықты жауынгерге айналған оларды Ұлы дала мақтан тұтты...

ХVIII ғасырдың ортасында пайда болған (…) руындағы біздің тармақ содан тараған деседі. Бұл тармақтағы ұрпақтар алдау-арбау, ұрлық-қарлық, сатқындық дегендерді білмейді екен. Олар астамшыл, қызуқанды, көбіне кекшіл боп келеді. Әрине, пысық емес.

Бір қызығы, Ұлы жүздің өкілдері де мен айтқан шежіре өздерінің бір руына тиесілі деп шығуы мүмкін. Орта жүздегі қалың арғын да "бұл аңыз біз туралы" деп, оларға қарсы дау айта алады. Қызық, ә!

Жалпы, бәрінен де әркімнің жеті атасын білгені артық. Соны жинақтай келе біртұтас, бөлінбейтін қазақ халқының шежіре тармақтарын құрауға болады. Сонда ғана ешкімнің де бір көрген адамнан "Руың кім?" деп сұрағысы келмей қалатын шығар. Дұрыс қазақ болайық, бауырым!

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров