Мақташылар суға зәру

Express Qazaqstan

AiTube.kz-тен кадр

Түркістан облысындағы Шардара ауданының мақташылары судың тапшылығынан мақта еге алмай отыр. Көктемгі науқан 1 айға кешігіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан телеарнасы хабарлайды. Мақтаарал ауданында да осы жағдай. Мырзашөлдің диқандары су сорғыш қондырғыларының тапшылығынан судан тарығып отырғандарын айтады.

Мәселе былай:

Түркістан облысында 23 млрд теңгеге ирригациялық және дренажды жүйелерді жетілдіру бағдарламасымен каналдарды реттеу жұмыстары басталған. Осы бағдарлама арқылы 50 жылдан бері ескірген каналдарды ретке келтіру жоспары болған. Себебі ағын су егістікке жеткенше жартысына жуығын жоғалтады. Каналдардың бетондалғаны суды жоғалтпауға да, жерасты суының көтерілмеуіне де ықпал етеді. Бірақ осы игі бастама аяқталмай жатыр. Тағы сол, мердігердің жыры.

Мердігерлер деген, жұрт алдына шығып комментарий беретін өкілдерін айтпаймыз, сахна сыртында мұртынан күліп отыратын және сөйтуге пұрсаты бар "падишаһтар" болды ғой.

Жалпы, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші кезеңіне 106 млрд тг қарастырылған. Оның 70 пайызы республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған 30 пайызы — Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынған қарыз. Жоба 2022 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жоғарыда аталған қаржының басым бөлігі, дәлірегі 74 млрд теңгесі Түркістан облысындағы құрылыс жұмыстарына жұмсалмақ. Себебі бұл өңірде суармалық жердің көлемі көбірек. Жоба аясында төрт облыстағы 105 мың гектар суармалы жердің мелиоративті жағдайын жетілдіру жоспарланған, соның 62 мың гектардан астамы Түркістан облысына тиесілі.

Сөйтіп, Су ресурстары комитетінің төрағасы байбалам салудың қажеті жоқ деп отыр. Ал диқандар кешігіп барамыз деп наразы. Олардың бүйректен сирақ шығаратынына күмәніміз бар.

Сонымен бірге біз канал тазалаушы мердігердің ауа райы қолайсыздығынан кешігіп жатырмыз дегеніне орай "Қазгидрометтен" наурыз айында Шардара ауданында қанша күн жаңбыр жауғанын анықтауға тырыстық. Олар жауапты дүйсенбіде береміз дегесін, "Гисметео" сайтын қарадық. Өздеріңіз көріп тұрғандай олар жұмысты бітіруі тиіс наурыздың 20-на дейін екі-ақ күн жаңбыр жауған. Бұл дәл ақпарат болмауы да мүмкін. Бірақ жиі нөсер жаумаған сияқты ғой.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров