Жайылымы жоқ ауылдың жанайқайы

Express Qazaqstan

optimism.kz

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Түгіскен ауылындағы жұрт жайылымға зәру. Бұл туралы ЭкспрессК сайты хабарлайды. Ауыл жұрты мал жаятын жайылым таппай отыр. Себебі, тұрғындардың айтуынша, елдімекен айналасындағы шұрайлы жерді жеке кәсіпкерлер иемденіп алған.

Ал жергілікті жұрт қожайынның рұқсатынсыз ол жерді пайдалана алмайды. Іргедегі суы мол, шөбі шүйгін жайылымға иелік ете алмаған соң, төрт түлікті қорада бағуға мәжбүр. Әділхан Әдепов есімді Түгіскен тұрғыны "Жайылымдық жердің бәрін сырттан келген адамдар алып алған. Ішкі жайылымдық дейді. Ол 1 км-ге жетпейді. Егістен қашықтығы 500-600 метр ғана. Сол қалғаны, төңіректің бәрі сондай. Қалған жердің барлығын түгел сырттан келген адамдар сатып алған" — деп күйінеді.

Ауыл азаматтары "Жер тапшылығын әкім-қаралар қолдан жасап отыр" дейді. Тіпті тау беткейіндегі шөбі шүйгін жерді де "таратып бітті" дейді. Ол аздай, шектік мөлшерде берілетін суға да ортақтасып отырған көрінеді. Әбсаттар Жұманов "Сырттан малы көп адамдар таудың беткейінен, басқа жақтан мың гектарлап жер алған, қоршап алған. Қоршамаса да қарауыл қойған. Ол жаққа мал кіркізбек түгілі, демалуға рұқсат жоқ. Ал біздің жерге келеді да, қасыңа келіп отырып алады. Қораны қиратады, біреуге 5-10 мал беріп жаяды. Ең соңы мынандай дауға ұласып отыр" — деп түсіндірді.

Халық жерді өзгелерден қайтаруды талап етеді. Ауылға аудан әкімін шақырып, өздерін арыз-шағымын жеткізген. Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов: "Ауылдық жердің шекаралық аумақтарын қайта қарау жөнінде облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылды. Облыстық мәслихатта жуық арада ол бекиді. Содан кейін, сол құжатқа сәйкес ауылдың шекаралық аумақтары қайта қаралады" — деген уәж айтты. Мәселе мұнымен бітсе жақсы. Тұрғындарда үміттен гөрі күдік басым.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров