Елімізде коммерциялық құтқару қызметін құру туралы ұсыныс айтылып жатыр

Express Qazaqstan
yvision.kz

ЖАУАБЫНАН СҰРАҒЫ КӨП

Соңғы кездері тауда туристердің өлімі көбейгендіктен, бұрыннан айтылып жүрген мәселелер қайтадан көтеріле бастады. Қазақстанда туризмді дамыту жөніндегі жоспарды жүзеге асыру тетіктері қаншалықты қамтамасыз етілген? Қауіпсіздік жүйесі дұрыс жасалған ба? Тиісті ережелері мен тәртібі бекітілген бе? Мамандар дайындалған ба? Міне, қарап отырсақ, жауабынан сұрағы көп.

Туризм саласының мамандары құтқару операциясына ең алдымен тікұшақтарды тарту өте қиын екенін айтады. Ал олар оқыс жағдай бола қалғанда ең қажетті көлік саналады.

Тауда оқыс жағдай үнемі болады. Кейде қайғыға әкеп соғады. Мен де қар басып қалып, өліп қала жаздағанмын, – дейді тау турисі Алмас Сатыбалдин. – Құтқарушыларға хабарласып үлгердім. Олар «қазір шығамыз, бірақ сізге жету үшін екі жарым сағат керек» деп бірден айтты. Таулы жермен жүру оңай емес. Ал тікүшақпен көтерілу үшін «Қазаэронавигацияның» рұқсаты керек. Оның келісімін аламын дегенше, көп уақыт кетеді. Одан гөрі жаяу тезірек екен. Алматы маңындағы тауда тікұшақ алаңқайы бар. Соның базасында неге коммерциялық негізде құтқарумен айналысатын құрылым ашпасқа? Туристерді тікұшақпен ұшырып ақша табуға болады. Ал қажет бола қалған жағдайда ол құтқару операциясына жегіледі. Мұндай құрылым әлемнің көптеген елдерінде бар.

Тауда қайғылы жағдай қай уақытта да болған. Ол альпинизмде де, туризмде де ұшырасады. Кезінде мұндай оқиғалар туралы Қазақстанның әйгілі альпинисі, Владимир Колодин айтып берген еді. Ол «Қар барысы» атағын иеленген. Мұндай мәртебе КСРО-ның жеті мың шақырымдық шыңдарын түгел бағындырғандарға берілетін. Алматы облысындағы тауларға жұрт 1930 жылдары белсенді түрде бара бастады. Алғашқы қайғылы оқиға 1936 жылы болған. Хан Тәңірі шыңында КСРО-да тұратын австриялық коммунист қаза тапты. Үш жылдан кейін Ташкенттен келген альпинист қыз абайсызда көз жұмды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Алматы маңындағы Горельник шатқалында лагерь болған. Онда әскерилер таудағы атысқа машықтанған. Сол жерде бір офицер қаза тапты. Бірде Амангелді шыңына шығып бара жатқанда альпинист шұжықтан уланыпты. Төмен түсіріп үлгермегендіктен, ол да жан тапсырады. 1955 жылы ірі қайғылы оқиға болды. Жеңіс шыңын 12 адамнан құралған топ бағындырмақ болған. Содан бір адам ғана аман қалыпты. Ол кейін әйгілі альпинист атанған Орал Үсенов еді. Сондай тағы бірнеше жағдай тіргелген.

Кеңес кезінде таудағы туристерге де қатысты қайғылы оқиғалар болған. Бірақ ол заманда бәрі мұқият зерттеліп, мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатындағы шаралар қабылданып отырған. Тікұшақ шақыруға қатысты түйткіл болмапты. Ең бастысы, нұсқаушылар өте жоғары деңгейде дайындалған. Ал қазір оларды мүлдем дайындамайды десе де болады дейді Алматы Спорттық туризм федерациясының өкілі Валерий Шестернин. Бұл іспен айналысатын бір колледж бар екен. Бірақ, Шестерниннің ойынша, онда мамандарды дайындау деңгейі төмен. Ал елдегі көптеген ЖОО-дағы туризм факультеттері немен айналысады десеңіз, олар менеджерлерді дайындайды...

Альпинизм мен таудағы туризмді дамыту ісін шындап қолға алған аймақта машықтанған адамдар, кәсіпқойлар мен жақсы дайындалған әуесқойлар көп болуы керек, – дейді Гидтер қауымдастығы қоғамдық кеңесінің мүшесі Виктор Наврезов. – Бәрін содан бастаған абзал. Әйтпесе, оқыс һәм қайғылы оқиғалар қайталана береді. Мәселенің мынадай да қыры бар: Тауда адамдар жоғалып кетсе немесе қиын жағдайға тап болса, оларды құтқаруға еріктілер кіріседі. Бұлардың ниеті дұрыс, әрине. Бірақ олар кәсіпқойлар емес, таудағы туризм жөнінен тәжірибесі жоқ немесе аз. Олардың өздері де қиын жағдайға тап келуі мүмкін.

Наврезов пен оның әріптестері аймақта коммерциялық бағытта жұмыс істейтін құтқару қызметі болуы қажет деп есептейді. Ал оны ұлттық бақтарға келушілерден жиналған ақшамен қаржыландыруға болады. Мұндай тәжірибе әлем бойынша бар. Әрине, оның жұмысын мемлекеттік қызметтегілермен жақсылап үйлестіріп отырған жөн.

Қауіпсіздік мәселесінің тағы бір қыры – сақтандыру. Қазір ол бізде тек альпинизмде міндеттелген. Ал туризмнің бір де бір түрінде мұндай тәжірибе жоқ.

Бізде бәрі жаппай автокөлігін сақтандырады. Бірақ тауға саяхатын немесе туристік нысанға сапарын ешкім сақтандырмайды, – дейді Гидтер мен туристік нысандар қауымдастығының үйлестірушісі Айгүл Қаратаева. – Ал бұл өте қажет! Туристік бағытпен жолға шығатын автобустар сақтандырылған. Олар апатқа ұшыраған жағдайда сақтандыру жүреді. Бірақ турист тиісті жерге жетіп, автобустан түскен соң аяғын сындырып алса, оған жедел әрі кәсіби көмек көрсетілетініне ешкім кепілдік бермейді. Бізде шет елдерге туризм дами бастағанда сақтандыру бизнесімен айналысатындар туристік агенттіктерге қызметін ұсынып жатты. Сол кезде екіншілері «не үшін?» деп таң қалған. Кейін сол шет елдерде саяхатшылар жазатайым оқиғалар мен қайғылы жағдайларға ұшырай бастағанда, туристік компаниялардың оларды емдеуге, өлігін елге жеткізуге көп шығын жұмсады. Сосын барып түсініп, сақтандыру ісі жолға қойылды. Ал ішкі туризмде ол әлі жоқ.

Жалпы, тауға шыққысы келетін немесе табиғат аясында демалуды жөн көретін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты түйткілдің ұшы-қиыры жоқ. Соның бәрі реттелмейінше заманауи туристік индустрияны қалыптастыру туралы айтудың өзі қиын.                  

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров