Айгүл ОРЫНБЕК: Халық заңды кімнен талап етуді білмейді

Экспресс К
Айгүл Орынбек / facebooke.com

ХАЛЫҚ ЗАҢДЫ КІМНЕН ТАЛАП ЕТУДІ БІЛМЕЙДІ

Қоғамда дапу тудырған отбасылық зорлық-зомбылық туралы заң жобасына қатысты біз белгілі заңгер Айгүл Орынбекті әңгімеге тартқан едік. Ол атышулы заң жобасының артықшылығына да, кемшілігіне де тоқталды.

– Осы аптада бала тәрбиесіне қатысты заң жобасының кемшіліктері туралы қоғамда үлкен дау туып жатыр. Ол қандай бап, онда нақты не жазылған? Талдап, түсіндіріп беріңізші...

– «Отбасы және неке заңында» қателіктер өте көп. Бұл жағдай бізде бүгін ғана пайда болып отырған жоқ. Бұрыннан бар. Бұрын оны елеген жоқпыз. Біздің елде зорлық-зомбылықтың көбейуі – заңның осалдығынан. Неге заңды толықтырамыз деген кезде ғана бұл дау шығып отыр? Бұл жерде Еуропа елдерінен көшіріп алған заң жобалары бар. Оны жоққа шығармаймыз. Мойындауымыз керек. Еуропалықтардың менталитеті бізге келмейді. Біз өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге қарай заңды жіті қарап, май шаммен қарап отырып алуымыз қажет. Бірақ оған біздің өзіміздің қазақтілді заңгерлер мүлде қатыспайды. Заңды талқылауға, қабылдауға келгенде, қазақтілді заңгерлер белсенді емеспіз. Сол себепті заң шығарушы орган – парламент пен кейбір заңгерлер ауылды жерлердегі бала құқығы қалай қорғалып жатыр немесе тапталып жатыр дегенге мән берсе деймін. Неге ауыл-аймақтарда балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық көп? Осыған ешкім көңіл бөлмейді, мән бермейді. Сіз айтқандай, заң баптарының бәрін оқып, оның бәрін талдап шығу қиын. Бір баптың өзінде бірнеше тармақ бар. Оның әрқайсысын жеке-жеке түсіндіру үшін оған көп уақыт қажет. Онымен арнайы айналысатын заңгер болмаса, мұны қарапайым тілмен түсіндіру көп күш-жігерді талап етеді. Өз басым әлгі заң жобасымен танысып шықтым! Келіспейтін тұстар бар, яғни экономикалық тұрғыда, әр балаға бір бөлме деген секілді. Ол бапқа да негізі дұрыс көзбен қарау керек. Яғни сен көп балалы болсаң, үйіңнің квадратурасы жетпей жатса, мемлекет үлкен үй алып беруге міндетті деп өзгерту енгізу керек! Яғни бұл бапты да өзімізге тиімді қылып пайдалансақ болар еді. Сонда қазақ халқының көбеюіне септігі тиер еді.

– Мәжілістегі депутаттардың заң жобасын оқымай тұрып өткізіп жібергені қалай? Бір депутат оқымаса түсінікті, ал жүз шақты адамның бірдей қарамауы қисынға келмейтін сияқты?

– Біздің Мәжілістегі депутаттардың заңға, адам өміріне деген немқұрайлығын осыдан-ақ білуге болады. Басқа емес, дәл осы заңды талқыға салмай бәрі бірауыздан өткізе салуы – түсініксіз жағдай болып тұр. Халық заңды кімнен талап етуді білуі керек. Бір жағдай болса, қоғам белсенділерінен, әртүрлі қоғамдық ұйымдардан талап етеді. Өткен аптада ғана жұмыстарын бастаған су жаңа депутаттардан, қымбат қонақүйде тұрып жатқан, миллион теңгеге жуық айлық алатын халық қалаулыларынан талап етуді әлі білмейді. Заң шығарушы негізгі орган – солар. Халық заңға қатысты не сұраса да, депутаттардан сұрауы қажет. Өздері шығарған, қабылдаған заңды түсіндіріп беруін талап етсін! Әркім өз ісіне өзі жауап беруі керек қой. Тағы да қайталап айтамын, халық кімнен, не талап етуді үйренуі керек!  

– Екінші тарап бұл заң жобасының Еуропада бар екенін, оның кейбір тұсының дұрыстығын айтуда. Мұны қорғап жатқандар кімдер? Өзіңіз толық танысып шыққан болсаңыз, кейбір жерін түзетіп, толықтыруға келе ме, әлде түбірімен қате заң ба?

– Еуропа немесе батыс елдері болсын, бізбен ұлттық болмысымыз, дәстүрлі бала тәрбиелеу жағынан көп ерекшелігіміз ұқсамайды. Ол жақта хаюандардың да құқығы қорғалады. Бізде басқаша. Өзіңіз білесіз, былтыр бізде өгей шешесінен қорлық көрген үш қыз болды. Оларға өгей анасы пышақ тыққан, қолы мен денесінің бәрі пышақтың ізі, тыртық. Соның бәрін бір үйде бірге тұрып жүрген әкесі байқамаған. Бұл үйдегі зорлық-зомбылық. Қорқытып-үркітіп тәрбиелеген бала құлмен бірдей. Ол өзінің иесіне, яғни қорқытып өсірген адамға қарсы келмейді. Баланың өзі біреуден көмек сұрау керек екенін, өзін ұрып-соққан адамды заңмен жазалуды білмейді. Олар мұны қалыпты жағдай деп санайды.

Жаңа шыққан заңда: «Егер үйде әке-шешеңнен қорлық, зорлық көрген жағдайда заң органдарына хабарласуға болады» деп жазылған. Оның өзінде әрбір шығарылған заңға пікір беріледі. Құқықтық актілері болады. Яғни балағаи пышақ тығып, озбырлық көрсетіп, қорлап, денсаулығына ауыр жағдайда зиян келтіргенде ғана сот оны тартып алып қояды. Ал қалған ұсақ-түйек әңгімелер, яғни телефон әпермеу деген сияқты дүниелер – заңға қарсылық білдіріп жатқандардың өз жанынан шығарып алған уәжі деп білемін.

Баланы ұрмай-соқпай тәрбиелеуге де болады. Бізде бір жаман сөз бар: «Біз де бала болғанбыз. Әке-шешемізден таяқ жегенбіз. Содан жаман адам болған жоқпыз» - дейміз. Бұл түбірімен қате түсінік. Бұл құлдық психология. Таяқ жеп өскен адам ынжық, ез болады. Ондай бала өскенде біреуге бағынышты болып тұрады. Баланың ойы, көзі ашық болу үшін, еркін сөйлей алатын, еркін ойлай алатын адам болу үшін зорлық-зомбылық идеяны қолдау дұрыс емес. Бұл мәселенің екінші жағы екенін түсініп отырсыздар. Сол үшін мұның ішіндегі бір-екі бап ұнады, арасында келісейтін сөйлемдер де бар. Яғни экономикалық-психологиялық тұрғыда көп жеріне келіспеймін. Ол біздің менталитетімізге, заңымызға томпақ. Әрбір ана психолог емес. Бала-шағаның қамы үшін аладорба арқалап базарда жүрген әйелдер баланың психологиялық жағынан мінсіз өсуі үшін жұмыс істей алады деп айта алмаймын. Сол үшін үкімет ананың да, баланың да жағдайын жасап отыруы керек. Сонда ғана ана баланың психологиясымен жұмыс істеп, бетіне шаң қондырмай отыратын шығар.   

– Бұл заңды тықпалағандар батысшылдар деген де сөз бар. Сонда олардың мақсаты: қазақты дәстүрінен айырып, ішінен ірітіп, мемлекеттің ішкі тұтастығына сына қағу ма, қалай ойлайсыз? Бұл заң жобасының артында бір жыныстылардың некесі сияқты бөгенайы бөтен дүниелер бар дейді...

– Сіздің сұрап отырғаныңыз 5-баптың 11-тармағы. «Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау» деген бап. Бұл жерде әдет-ғұрып деп тұрғанымыз баланы қинап намазға жығу, хиджап кигізу, мектепке жібермеу, еркінен тыс тұрмысқа беру. Яғни баланы өз еркінен тыс мәжбүрлеп өз сенімін тықпалау. Мұнда баланы сүндетке отырғызу деген әңгіме айтылып отырған жоқ. Қазақ әлмисақтан баланы сүндетке отырғызып мұсылмандық парызын өтеп келген. Болашақта да солай бола береді. Оны медицинаның өзі дәлелдеп отыр. Ал мына заң жобасындағы дау тудырған дүние – діни сеніммен шыққан әңгіме. Былай қарасаңыз, мұның бәрі салт-дәстүр. Бірақ астарында өте жіңішкелікпен қарайтын дүниелер бар. 11-тармақ осындай мақсатпен жазылған.

Сізге бір мысал айтайын. 2018 жылы Шымкенттің Қайтпас ауданында бір шала діндар кішкентай баласын «Азанды дұрыс шақырмадың» деп ұрып өлтіріп қойды. Мұндай мысал менде өте көп. Яғни бұл бап осындай өзінің наным-сенімін баласына еркінен тыс тықпалайтындарға арналған заң еді. Бірақ қарсы топтар қоғамға басқаша түсіндіріп жатыр. Соның салдарынан заң алынып тасталды. Көптеген зорлық-зомбылық сананың таяздығынан туады. Оны жоққа шығара алмаймыз. Осының бәрін депутаттар ойланып-толғанып, саралап отырып шешу керек деп ойлаймын. Батыс елдерінің заң жобасының керек жерін пайдаланып, керек емесін сырып тастауға болады. Оған кеш емес.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров