Жемқорлық жайлаған мекемелердің тізімі

Express Qazaqstan
alau.kz

Былтырдан тамырын тереңге жіберіп үлгерген пандемия біздегі жемқор шенеуніктердің "тәбетіне" титімдей де әсер етпегендей. Айналдырған бір жылдың ішінде бақандай бес вице-министр осы құлқынның құлы болғасын жаза арқалап кеткен. Қазына қаржысына қол  сұқты деген 200 ге жуық шенеунік тергелгенмен,  қарамағындағы қызметкерлерінің қылмысына жауапты деген 6 бастық қана отставкаға кеткен.

Алматы мен Шымкентте соғылған модульдік ауруханалардың басынан дау арылмай тұр. Көз ілеспес жылдамдықпен бірер айда тұрғызылған нысан, тіптен президентке мақтанышпен таныстырылды. Әрқайсына кемі 5-6 млрд теңгеден ақша бөлінді. Бірақ, баяғы сол классика. Бөлінген ақшаның тең жартысы қолды болып, өзгелердің қалтасына кеткен. Бұл былықты екі апта бұрын ғана Жемқорлыққа қарсы агенттік жариялады. Аурухана құрылысынан қаржы жымқыру дерегіне қатысты тергеу жүріп жатыр. Агенттік күдік қармағына кімнің іліккенін аз уақытта айтамыз деп, әзірге әңгімені жылы жауып қойды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, жемқорлық кесірінен сотталғандардың арасында бір облыс әкімі, төрт облыс әкімінің орынбасары, екі жауапты хатшы, бір елші, бес судья, он аудан және қала әкімдері бар. Оның үстіне, бес вице-министрдің, бес комитет төрағасы мен квазимемлекеттік мекемелердің бес топ менеджерінің ісі қаралып жатыр екен.

Жемқорлық дерегі ең көп тіркелген мекемелер: -Ауыл шаруашылығы министрлігі

-Ішкі істер министрлігі

-Мемлекеттік кірістер комитеті

-Денсаулық сақтау министрлігі

Айта кетейік, былтыр жемқорлыққа қарсы 100 қылмыстық іс қозғалса, соның тең жартысында дағдарысқа қарсы бағытталған қаржыны жымқырғандар ұсталған.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров