"L-Капитал"-дан ши шықты

Express Qazaqstan
© Жарас КЕМЕЛЖАН

«Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?». Қазақтың әрбір тұрақты сөзінің астарында бүгінгі өмірдің бет-бейнесін дәл ашып беретін шындық жатады. Тегін дүние жоқ әрине. Бірақ жеңіл жолмен бірден байып кеткісі келетіндер бар. Мысалы, қаржы пирамидасының желісімен құрылып, жұртты алдап-арбап ақшасын алып, жарты жолда жалаңаш тастап кететін компанияларға әлі күнге дейін сенетін адамдардан не сұрайсың? Күн сайын «ана қалада алданып қалыпты, мына қалада тақырға отырып қалыпты» дегенді әлемжеліден де, телеарнадан да көріп жатамыз. Жұрт соны естіп, біліп жатса да, көзін жұмыс кредит алып, сондай компанияларға арбалып жатады. Тіпті, ондай адамдардың саны күн сайын азаюдың орнына көбейіп бара жатқандай...

Алматыда бір топ азамат консалтинг компаниясының үстінен жаппай шағымданып жатыр. Бұл туралы ЭкспрессК сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды. «Салымшылардың» көбі акция сатып алу үшін пәтері мен көлігін сатқан. Компания бағалы қағаз жыл сайын 30 пайыз пайда әкеледі деп уәде беріпті.

Рахымбек Орақов компания акциясын 25 миллион теңгеге сатып алған. Салған қаражатын қайтаруды талап еткенде компания төлем жасаудан бас тартыпты. Оның айтуынша, «L-Capital»-ға отбасымен араласатын досы шақырады. Р.Орақов:

«Ол компанияның нарықта 10 жыл қызмет істеп келе жатқанын, ақшамызды ірі жобаларға салатынын, оның ішінде құрылыс жобаларына бағытталатынын және осылайша дивидендтер төлейтінін айтты. Мен оның айтқанына сеніп, пәтерімді сатып, 25 миллион теңге салдым. Бірақ төрт ай өткен соң келісімшартты бұзып, ақшамды алуға шешім жасадым. Бұл 2020 жылдың ақпан айы еді. Олар келісті, бірақ ақшамды қайтаруды кейінге қалдырып келеді. Пандемия деді. Кейін тіпті төлем жасаудан бас тартты», - дейді.

Тақырға отырған «салымшының» айтуынша, 50-ден аса адам өз қаражатын қайтара алмай жүрген көрінеді. Олар күн сайын Алматыдағы кеңсеге барады екен. Ақшасын қайтара алмай жүрген азаматтың айтуынша, прокуратураға, полицияға арыз жазған. Басқа өңірлерден, қалалардан келгендер де бар.

Әлгі компанияға алданып қалдық деген бір топ азамат видеоүндеу де жасады. Видеоүндеуде: 

«Бәріміз L-Capital-ға сенім білдірдік. Соңғы ақшамызды салдық. Зейнетақысы мен бала күтіміне алған ақшасын жинап бергендер де бар. Енді пәтеріміз де, көлігіміз де жоқ. Баласы ауыратындар жүр арамызда. Оладың дәрі-дәрмек алуға ақшасы жоқ. L-Capital ақшамызды қайтар!", - деді.

Алматы полиция департаменті салымшылардың ұжымдық өтініші бойынша тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында:

«Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Компания кеңселерінде санкцияланған тінту жүргізіледі. Заңға сай тергеу жүргізіліп, нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады», - делінген.

Сондай-ақ Алматы полициясы «L-Капитал» компаниясынан зардап шеккен салымшыларға үндеу жасады. Үндеуде тұрғындардан тәртіп сақшыларына арыз беруді сұраған. Зардап шеккендердің ұжымдық арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлапты.

«L-Capital» компаниясы бұл тығырықтан қалай шығады? Басына қара бұл үйірілген компанияға қатысты іс біздің назарымызда болады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров