Зейнетақы жинағының жыры: Емделесіз бе, көлік аласыз ба?

Express Qazaqstan
pixabay.com

Зейнетақы жинағындағы ақша жырға айналды. «Азаматтар зейнетақы қорындағы ақшаны емделуге ала алмай жүр» деп хабарлайды Экспресс К сайты. Тұрғындардың айтуынша, арада біраз уақыт өтсе де денсаулық сақтау министрлігі бұл әңгімені әлі созбақтап келеді. Мәселеге мәжіліс депутаттары араласып, министрлікке сауал жолдапты.

Қордағы қаражатты игеру жөнінде ереже шыққалы тұрғындар ипотекасын жауып, үй алып, игілігін көре бастады. Қазір ақшасын алғандардың саны 80 мыңға жуықтаған. Бірақ ұлт саулығы мәселесіне келгенде жауаптылардың қимылы сылбыр. Мәселен, маңғыстаулық Лаура жинағынан баласының көзін емдеймін деп жоспарлаған. Бірақ онысы арман болып қалатын сияқты. Лаура Тындырғанова «Емге пайдалануға болады дегенде бірінші қуанғандардың бірі мен шығармын. Балама жасалатын ем бар еді. Барып көрдім. Бірақ бұл әзірге мүмкін емес деген жауап естідім» - деп салы суға кетіп отыр. Ал Тайкен Нұрпейісов деген азамат қарттыққа жиған жинағынан дәмелі. Туысының еміне жұмсамақ ниетін айтқан.

Әлеуметтік желілерде де осыған қатысты арыз-шағым көп. Мәжіліс мінберінде де көтерілді. Депутат Аманжан Жамалов тапсырманы дұрыс орындамай, салғырт қараған шенеуніктерді жазалау керек деп отыр.

Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов: 

«Денсаулық сақтау министрлігі әлі күнге дейін қордағы қаражатты жұмсау ережесін бекітпеген. Бірақ денсаулық бәрінен маңызды екенін министрлік түсінбей ме? Парламенттен ескерту күтіп отырасыздар ма? Қызметтік тергеу жүргізіліп, әзірлеуге, келісуге жауапты мемлекеттік қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту керек» - деп мәселені төтесінен қойды.

Ал жауапты министрлік бұйрық енді ғана бекіді деп ақталып отыр. Ведомствоның хабарлауынша, енді қордағы қаражатты халық елде тегін емдеу тізімінде жоқ 7 бағытқа жұмсауы тиіс. Оның қатарында сирек кездесетін ауру, диагностикалық зерттеу, стоматологиялық қызмет, операциядан кейінгі тыртық пен туа біткен ақауды түзету, радиохирургиялық емдеу, протон терапиясы және офтальмологиялық қызметтер бар. Ал жасанды ұрықтандыруға биыл квота 7 есеге көп бөлінгендіктен бұл тізімнен шығып қалған.

Денсаулық сақтау министрлігінің амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Батыржан Сарымсақов: 

«Халық пен депутаттардың арасында түсініспеушілік пайда болып жатыр. Бұл жұмыс заңға сәйкес, кезең-кезеңімен бекітілді» - деп түсіндірген.

Қордағы қаражатты жақын туыстардың да еміне пайдалануға болады. Ол үшін емделуші өзі тіркелген медициналық мекемеден сырқаты туралы дәрігерлер комиссиясының қорытындысын көрсетуі тиіс. Бұдан әрі медициналық ұйыммен шарт жасасады. Тек содан кейін ғана қаражат ұйымның есепшотына аударылады. Уәкілетті орган мұны 5 жұмыс күннің ішінде орындауы тиіс.

Соңғы кезде зейнетақы салымдарын көлік сатып алуға пайдалану туралы ұсыныс та айтылып жатыр. Мұндай бастаманы автокәсіпкерлік қауымдастығы көтерді. Ал, оған көпшілік қалай қарайды? Жалпы, қордағы қаржыны көлік алуға жұмсау қаншалықты тиімді? Экономистер не дейді?

Зейнетақы жинағындағы қаржыға көлік алуды ұсынған автокәсіпкерлік қауымдастығының пікірінше, бұл отандық машина жасаушыларға қолдау, әрі халыққа да пайдалы болатын көрінеді. Өйткені, қаржыны мемлекеттік бағдарлама аясында 4 пайыздық несиемен сатылатын көліктерге жұмсау көзделіп отыр.

Қазақстан автокәсіпкерлік қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры Ербол Сейпиловтың айтуынша, 2015-2020 жылдары мемлекет тарапынан 82 миллиард теңге бөлінген. Мысалыға жылына 7 мыңнан астам тапсырыс беріледі. Бірақ, бұл бөлінген ақша тек қана 2 мың өтінішті ғана қабылдауға мүмкін болып тұр. Сондықтан, сұраныс өте көп. Сұранысты шешу үшін осындай ұсыныс жасаған.

Ал, экономистер бастамаға жан-жақты қарау керек деген пікір айтуда. Өйткені, көлік тұрғын үй емес. Яғни, оны басты қажеттілік немесе ұзақ жылғы инвестиция деп есептеуге болмайды. Ал, отандық көлік өндірушілерге мемлекеттен онсызда үлкен қолдау жасалып жатқанын айтты. Экономист Мақсат Серәлінің айтуынша, қазіргі таңда отандық машиналарға сұраныс жоғары, сондықтан бұл компаниялар қандайда бір экономикалық қиыншылықта тұрған жоқ. Бұл жерде бағаның өсіп кетуі қаупі бар. Ол:

«Өздеріңізге белгілі осы тұрғын үй мәселесіне байланысты қолданған кезде тұрғын үй бағасы бірден шарықтап кетті» - дейді.

Әзірге бұған қатысты жауапты мемлекеттік мекемелер үн қатқан жоқ. Себебі, автокәсіпкерлік қауымдастығы оларға әлі ресми ұсыныс жасамапты. Бірақ, алдағы уақытта қаржыға тек жаңа көлік сатып алу емес, осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламамен алынған көліктердің несиесін жабу мәселесі де қарастырылуы мүмкін.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров