Тіл тартысы «павлодарлық» деп бөлінбейді

Express Qazaqstan
Арман Қани

Керекуде тұратын көрнекті ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Арман Қани азаматтарға мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттейтін бірнеше талап қойыпты. Оған кейбіреулер қарсы шыққан. Олардың айтуынша, Қани ұшқары, тосын идеялар ұсынған көрінеді. Біз тіл үшін шырылдаймын деп басы дауға қалған тіл жанашырының өзін «Экспресс К» порталына әңгімеге тарттық.

Арман Қани «Қазақ тілі проблемасын о баста, Кеңес үкіметі кезеңінде Алаш қайраткерлері көтерген еді. Одан кейін жабық тақырыпқа айналған тіл мәселесін астыртын әрекет еткен ұлтшылдық бағыттағы ұйымдар көтерді – деп бастады әңгімесін. – Сөйткен есіл ерлер атылды, жер аударылды, абақтыға қамалды, саяси қудалауға ұшырады. Ақыры 1989 жылы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді де, тіл түйіні шешілген сияқтанды. Ол кезде кеңес империясының құндылықтарын, орыс халқының қоғамдағы «ағалық» орнын, орыс тілінің үстемдігін қорғаушылардың қарасы қазіргіден әлдеқайда қалың еді. Сондай күрделі жағдайға қарамастан, егемендік қарсаңында құрылған «Невада-Семей», «Азат» сияқты қозғалыстар мен «Қазақ тілі» қоғамы отарсыздандыру бағытында таудай істерді тындырды.

Егер БҰҰ алаңында көк туымыз көтерілген кезде Парламентіміз мемлекеттік қызметкерлерге іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді міндеттейтін заң актілерін қабылдаса, тиісті органдар ол заңның мүлтіксіз орындалуын қадағаласа, өзге әлеуметтік топтар қазақ тілін өздігінен үйреніп алатын еді. Сөйтіп егемендіктің 30 жылдығында республика жұртшылығының басым бөлігі қазақ тілінде емін-еркін сөйлейтін еді – деген пікірін білдірді. Тіл төңірегінде тартыс көп. Атқарылмай жатқан жұмыс та баршылық.

Тіл жанашыры мемлекеттік тілдің мәселесін шешу үшін батыл қадамдарға бару керек екенін айтты. Ол «Заң жүзінде батыл қадамға бармай, үгіт-насихат жұмысы арқылы тіл проблемасын шешу мүмкін емес екенін уақыттың өзі көрсетті. Қазіргі кезде министрлер мен депутаттар керек қылмаған мемлекеттік тілді, қарапайым еңбек адамдары қажетсініп үйрене ме? АҚШ, Ресей, Батыс пен Балтық бойы елдерін айтпай-ақ қояйық, Моңғолияның өзінде мемлекеттік тілді меңгермеген азамат мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды ғой. Мұндай мысалдардың жүз мыңдағаны айтылды, жазылды. Тіпті мәжілістегі биік мінберлерден қаншама жылдан бері тіл мәселесі көтеріліп келеді. Солай бола тұра, мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеретін заң қабылданған жоқ» – деп, күйінішін білдірді.

Арман Қанидың пікірінше, тіл тартысын осыдан бірнеше жыл бұрын қоғам қайраткерлері, жазушылар да көтерген. – Әбіш Кекілбаев ағамыз депутат кезінде: «Қазақша сөйлей алмайтын шенеуніктерді ауылға жіберіп керек, сонда ғана тілді үйренеді» дегені есімізде. Әбекең бақиға аттанып кеткеннен бері қанша жыл өтті. Бірде-бір шенеунік тіл үйрену үшін ауылға барған жоқ. Менікі де сондай шарасыздықтан айтылған ызалы сөз ғой – деп, өзінің не үшін тіл туралы ұшқарылау ұсыныс айтқанын түсіндірді.

Біз ақыннан «Ашынғаннан ащы айтқаныңызды біліп отырмыз. Жалпы теріскей өңірдегі қазақ тілінің хәлі қалай, шынымен де сіз жазғандай, қатал талап қоятындай мүшкіл ме? Бәлкім, тіл түйінін шешу үшін күшке салмай, адамның санасын өзгерту керек шығар?» деп сұрадық. Ол: «Өз басым Ертістің Кереку өңірін өзге аймақтан бөліп– жарып қарауды құп көрмеймін. Павлодар атауы орысша болғандықтан халқы түгелдей орыстанған деген пікірді ұстанушылар ұшқары ойлайды. Айталық, Павлодардағы сияқты тіл тартысы Нұр-Сұлтан мен Алматыда да бар. Тіпті қазағы басым батыс пен оңтүстік аймақтардың өзінде тіл түйткілі әлі толық шешілген жоқ» – деп, Кереку өңіріндегі тіл түйінін басқа аймақтармен салыстырды. – Біздің облыста Ермак қаласының атауынан бастап көптеген елді мекендердің атауы қазақшаланды. Облыс орталығындағы Дзержинский, Куйбышев, Свердлов, Калинин, Ленин, Кутузов, Суворов сияқты патшалық-кеңестік заман тұлғаларының есімдерін дәріптейтін көшелердің атауы да өзгертілді. Қалада кеңестік кезеңде қазақша оқытып, тәрбие беретін бір мектеп, бір мектеп-интернат, бір балабақша ғана болса, мұндай білім мекемелерінің саны еселеп өсті. Демек біздің өңір көш соңында қалған жоқ. Тіл тартысын «павлодарлық» деп атауға болмайды, дұрысы, «қазақстандық тіл проблемасы» деп атау керек – деді.

Мемлекеттік тілдің тағдырына күйініп жүрген ақынның жанайқайы бұл. Мысалы, мемлекеттік тіл үшін жасалып жатқан күреске бүкіл қоғам болып ат салысу керек. А.Қани «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, зиялыларымыздың қайсысы қазақ тілі мәселесін көтермеді? «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген Елбасының сөзін өзгелерді былай қойғанда, Ақордадағы жайлы орынтақтарда отырған ұлықтардың өздері басшылыққа алды ма? Ендеше, сөзден іске көшу керек, яғни мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білуді міндеттейтін, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді мәжбүрлейтін заң қабылдануы керек. Бұл құқықтық қоғам құрған демократиялық елдерде қолданыста жүрген тәжірибе» – деп, қазақ тілінің алдында тұрған кедергі мен шығар жолдың бәрін көрсетіп, ашып айтып берді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров